Қарағанды облысында бес тарихи кесене жаңғыртылуда
Өңірде тарихи-мәдени мұраларды сақтау мақсатында бес кесене қайта жөнделіп жатыр.

Саран қаласы маңындағы Игілік би мазары толық қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Мұнда кесене қабырғалары бекітіліп, айналасы ретке келтірілген.
– Бұл кесене – тарихпен етене танысуға үлкен мүмкіндік. Көптеген мазарлар қаладан шалғай орналасқандықтан, оларға жету қиынға соғады. Ал Игілік би кесенесі Қарағандыға жақын болғандықтан, келушілерге қолайлы, – деп атап өтті Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бас инспекторы Жанболат Мәжитов.
Қазіргі таңда төрт нысанда жұмыстар жүріп жатыр:
- Шет ауданында – Олжадәулен мен Баубек батыр мазарлары;
- Ақтоғай ауданында – Асылбек қорымы;
Нұра ауданында – Шонжар мазары. Консервациялық және реставрациялық жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланған.
– Біз қажет жерлерде қабырғаларды қалпына келтіріп, мал кіріп кетпеуі үшін қоршаулар орнатамыз. Бұл, бір жағынан, тарихи әрі археологиялық ескерткіштерді сақтауға сеп болса, екінші жағынан, оларды туристер үшін тартымды етеді, – дейді Жанболат Мәжитов.
Жамал АКПАРОВА