Қарағанды облысында балалар құқықтарын қорғау үшін жаңа басқарма құрылады
Қарағанды облысында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі. Өңірде осы бағытқа жауапты жеке басқарма құрылып, ол баланың әл-ауқаты мен қорғалуына қатысты барлық қызметтердің жұмысын үйлестіретін негізгі органға айналмақ. Тиісті шешім облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXIII сессиясында қабылданып, аймақтың басқару құрылымына өзгерістер енгізілді.

Облыс әкімінің аппараты басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Спабековтің хабарлауынша, басқарма Үкімет қаулысына сәйкес құрылып отыр. Ол қазіргі таңда балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері аса өзекті екенін атап өтіп, жаңа орган осы бағыттағы негізгі құрылымға айналатынын жеткізді.

Сондай-ақ депутаттар ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады. Енді ол цифрлық технологиялар басқармасы деп аталады. Оның құзыреті кеңейтіліп, соның ішінде жасанды интеллектіні дамыту саласын да қамтитын болады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



