АймақЖаңалықтар

Қарағанды облысында балалар арасындағы суицид мәселесі талқыланды

Қарағанды облысында балалар арасындағы суицидтің алдын алу бағытындағы алдын алу шаралары күшейтілуде. Өзекті мәселелер облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың және Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның қатысуымен өткен кеңесте қаралды.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Қабылданып жатқан шаралар туралы білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев баяндады. Оның айтуынша, өңірде 2026 жылға арналған профилактика жоспары бекітіліп, психологиялық қолдау жүйесі қайта қаралуда, мектеп психологтарының тапшылығын азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар педагогтармен, ата-аналармен және ювеналды полициямен өзара іс-қимыл күшейтіліп, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылуда.

Дулат Жекебаев цифрлық шешімдердің енгізіліп жатқанын да атап өтті. Өткен жылдан бері мектептерде буллинг пен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «ақылды» камералар орнату басталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде жақын арада Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма өз жұмысын бастайды. Жаңа орган бала қауіпсіздігі мен әл-ауқатына жауапты барлық қызметтердің жұмысын үйлестіретін болады.

Динара Закиева балалар суицидінің алдын алу мақсатында барлық өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары құрылғанын атап өтті. Негізгі міндет — суицидтік тәуекелдерді дер кезінде анықтап, көмекке мұқтаж балаларға уақтылы қажетті қолдау көрсету.

Балалар омбудсмені жүргізілген талдау нәтижелері мен анықталған кемшіліктер туралы да айтты.

— Жағдайды зерделеу барысында үш негізгі мәселе анықталды: бірқатар мектептерде суицидтік тәуекелдерді анықтауға арналған диагностика жүргізілмейді, басшылық тарапынан тиісті бақылау жоқ, сондай-ақ анықталған балалар әрдайым қажетті сүйемелдеу мен көмекті толық көлемде ала бермейді, — деді Динара Закиева.

Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселенің формалды емес, нақты шешімдерді талап ететінін атап өтті.

— Жаңа конституциялық реформа аясында отбасы мен бала құқықтарын қорғау басымдықтары ең жоғары заңнамалық деңгейде бекітілді. Әрбір санның артында нақты бір баланың тағдыры тұр. Біздің міндет — бұл мәселелердің назардан тыс қалуына жол бермеу. Әрбір жағдай нақты нәтижеге дейін жеткізілуі тиіс. Барлығы жеке жауапкершілік арқалайды, — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, тәуекел тобына жататын балалар мен отбасыларға атаулы көмек көрсетуді, сондай-ақ жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Басқа материалдар

Back to top button