Қарағанды облысында автобус және арнайы техника шығаратын зауыт ашылады
Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Үкімет басшысы «Сарыарқа» ЕЭА-на барып, Yutong маркалы автобустар мен арнайы техникалар шығаратын жаңа зауыттың жобасымен танысты.
Жаңа кәсіпорын Саран қаласындағы бұрынғы резина-техникалық бұйымдар (РТБ) зауыты аумағында ашылмақ. Премьер-Министрдің қатысуымен облыс әкімдігі және инвестициялық консорциум арасында жаңа зауытты ашу туралы келісімге қол қойылды. Жоспар бойынша алғашқы автобустар легі биылдан бастап қолданысқа берілуі тиіс.
Жаңа кәсіпорынға жұмылдырылған инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 23 миллиард теңгені құрайды. Жоба РТБ ғимараттарын қайта жаңғыртуды, сондай-ақ, жаңа өндірістік нысандар салуды көздейді. Сондай-ақ, жоғары технологиялық дәнекерлеу және сырлау жабдықтарын сатып алу жоспарланған.
Жоба аясында 1 100 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Зауыт жобалық қуатына сәйкес, жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника шығара алады. Өндірілген өнім ел аумағында сатылады, сондай-ақ жақын шетелдерге экспортталуы мүмкін.
Қарағандылық жоғары оқу орындары автомобиль жасауға машықтанған мамандар дайындайды. Соған орай, университеттерде бейіндік білім беру бағдарламалары іске қосылады.
Кәсіпорынды құру Қарағанды облысы әкімдігі, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Сарыарқа» ӘКК» АҚ қатысуымен және қолдауымен жүзеге асырылады.