Қарағанды облысында ауылдық емханалар жарықсыз отыр
Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың, соның ішінде ауылдық денсаулық сақтау ғимараттарының электр желілеріне қосылуы әлі де өзекті. Облыстық мәслихатта өткен жұмыс кеңесінде осы түйткілдер қаралды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста бүгінде 92 нысанның 87-сінің құрылысы аяқталғанымен, олардың тек 36-сы ғана денсаулық сақтау мекемелерінің балансына берілген. Қалғандарының іске қосылмауы көбіне электр желілеріне қосудың техникалық шарттарының орындалмауымен, жабдықтарды дұрыс орнатпауымен және бақылаудың әлсіздігімен байланысты.
Кеңесте «ҚӨЭК» және «Қарағанды Жарық» компанияларына әлеуметтік нысандарды желіге қосуды жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментіне электрмен жабдықтаушы ұйымдардың техникалық шарттарға қоятын талаптарының негізділігін тексеру және әлеуметтік нысандарды олардың инвестициялық бағдарламалары есебінен қосу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Облыстық мәслихат әлеуметтік нысандардың уақтылы пайдалануға берілуін өз бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Аяулым СОВЕТ