Жаңалықтар

Қарағанды облысында қатты боранда бірнеше электр желілері істен шықты

Кеше аймақта аяз көтеріліп, ақтүтек боран соғып тұрғындарды біраз әбігерге салғанын білесіздер. Сондай-ақ қала ішінде қоғамдық көліктер тоқтап, бағдаршамдар істен шығып, кептеліс пайда болды. Қалааралық жолдар да жабылды.

Сурет: ufa1.ru

Сонымен қатар кейбір аудандарда жарық өшіп, жылу желісі істен шығып, тоқтап қалды.

Боранның салдарынан орын алған ақауды «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің жұмысшылар бригадасы түнімен қалыпқа келтіріп, барлық дерлік учаскелерді электр қуатымен қамтамасыз етті.

Сондай-ақ, Сұрыптау тұрғындарынан кешкі уақытта электрмен жабдықтаудың, судың және жылудың болмауы туралы шағымдар түскен. Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметі мұндай жағдай резервтік генератордың істен шығуынан туындады деп жауап берді. Қысым қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта жылу, жарық және су берілді.

Осакаров ауданының Молодежный кентінде де осындай жағдай туындады. Қазіргі уақытта жылу мен су беру қалпына келтірілді. Қазір электрмен жабдықтаусыз 40 абонент бар.

Теміртауда жоғары кернеулі желілердің бірнеше учаскесінде ақаулар пайда болып, бірнеше көшеде жарық сөніп қалды. Ал Шахтинск қаласында бірнеше аумақта электр желілері зақымданған. Алайда ЖЭО қазандықтары жұмыс істеп тұр. Қазір үш қаладағы жағдай қалыпқа келді.

Сонымен қатар «Глобал сити» маңындағы бір бағдаршамды қатты жел жұлып кеткен. Жақын арада кепілдік мерзім аясында мердігер ұйым бағдаршамды қалпына келтірмек.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button