Қарағанды облысында қаржылық қауіпсіздік ойынының жеңімпаздары марапатталды
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылған күніне орай Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Qarzhy Saqshysy» республикалық компьютерлік ойынының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.

Аталған ойын Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен және AML Academy ұйымының әзірлеуімен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2025 жылғы 1–15 желтоқсан аралығында өткізілді. Жоба «Заң және тәртіп» жалпыұлттық нарративі мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, жасөспірімдердің қаржылық қауіпсіздігін арттыруға және оларды заманауи қатерлерден қорғауға бағытталды.
Ойынның негізгі мақсаты — жастардың қаржылық алаяқтық схемалары туралы білімін кеңейту. Атап айтқанда, қаржылық пирамидалар, дропперлік, фишинг және цифрлық гигиена мәселелері қамтылды. Жасөспірімдерге жиі әсер ететін мұндай тәуекелдердің алдын алу ғана емес, сонымен қатар цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын тәжірибелік тұрғыда қалыптастыру маңызды.
«Qarzhy Saqshysy» ойыны 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне бейімделген интерактивті тапсырмалардан, жағдаяттық сұрақтар мен қаржылық қауіпсіздікке қатысты практикалық жаттығулардан тұрады. Ойын форматы цифрлық кеңістікте шешім қабылдау кезінде сыни ойлау қабілетін дамытуға және негізгі қаржылық қауіпсіздік дағдыларын тиімді меңгеруге мүмкіндік береді.
Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 800 мыңға жуық жасөспірім қатысты. Нәтижесінде 120 облыстық және 684 аудандық деңгейдегі жеңімпаз анықталды. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларының, сондай-ақ Абай және Бұқар жырау аудандарының облыстық деңгейдегі жеңімпаздарына планшеттер, рюкзактар және естелік сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімдері Қарағанды облысының барлық өңірлерінде өткізіліп жатыр.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



