Жаңалықтар

Қарағанды облысында 9 қала мен 114 елді мекен газдандырылады

Қарағанды облысында 9 қала мен 114 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Биыл Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда алғашқы іске қосу кешендерінің құрылысы аяқталады. Желілер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға беріліп, 2021 жылы тариф бекітілгеннен кейін газ беру басталады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

2021 жылы Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда екінші іске қосу кешендерінің құрылысы басталуы тиіс. Көгілдір отын 3 872 жеке тұрғын үйге қосылады. Сонымен қатар, қаржылық қолдаудың көмегімен Жаңаарқа, Осакаров аудандарында, Саран және Шахтинск қалаларында газбен жабдықтау желілерін салу басталады.

Газдандыру экологияны жақсартуға көмектеседі. «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» кейбір кәсіпорындарын газға көшіру жоспарлануда. Сондай-ақ, экологиялық мәселені тиімді шешу өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарындыларының деңгейін төмендету және көгалдандыру болып табылады.

– Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму біздің өңір үшін, әсіресе Теміртау, Балқаш және Жезқазғанда өткір тақырып болып табылады, – деп атап өтті Қарағанды облысының басшысы. – Елбасының тапсырмасы бойынша экология министрлігімен бірлесіп өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда атмосфераға шығарындылар 30%-ға азайтылуы тиіс.

Облыста «жасыл» энергетика да белсенді дамуда. Өткен жылы жалпы қуаты 200 МВт болатын төрт күн электр станциясы іске қосылды. Қазір Балқашта күн электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылуда.

Басқа материалдар

Back to top button