АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысында 5 айда 2 трлн теңгеге өнім өндірілді

Қарағанды облысы 2024 жылдың алғашқы бес айында айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізді. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақ басшысының айтуынша, 2024 жылы Қарағанды облысында өңірлік өнімдердің жалпы көлемі 9 триллион теңгеден асты. Оның 45 пайызы – өнеркәсіп саласына тиесілі. Биыл бұл көрсеткішті 7 пайыздан жоғары деңгейге жеткізу жоспарланып отыр.

Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 трлн теңгеге жетіп, өсім 8,9 пайызды құрады. Өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторы басым – 78 пайыз. Атап айтқанда, металлургия, машина жасау, химия және құрылыс индустриясы салалары айтарлықтай дамып келеді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де артып келеді. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 327 млрд теңгеге жетсе, жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Облыс бойынша 2031 жылға дейін жалпы құны 4,3 трлн теңге болатын 108 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Тек биылдың өзінде құны 200 млрд теңгеден асатын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Ірі жобалар қатарында:

  • Металл бұйымдарын ыстық мырыштау зауыты,
  • «ТЭМПО Казахстан» компаниясының болат тік тігісті құбыр шығару зауыты,
  • «Гиперборея» жел электр станциясы (Осакаров ауданында),
  • «Силумин оф Казахстан» компаниясының алюминий радиаторлар зауыты,
  • Жылдың ең ірі жобасы – Qaragandy Power Silicon ферросилиций өндіру кешені бар.

Саран қаласындағы индустриялық аймақтың табысты жұмысы моноқаланың даму траекториясын өзгертіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға септігін тигізді. Бұл тәжірибе Премьер-Министрдің тапсырмасымен басқа қалаларға да таратылады.

Атап айтқанда, биыл Қарағанды, Саран және Теміртау қалаларында үш шағын өнеркәсіптік аймақ ашылады. Солардың бірі – «Қармет Сервис» базасында құрылатын аймақ, 20 мың шаршы метр аумақты қамтиды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button