КоронавирусРесми

Қарағанды облысында 376 мектеп қашықтан оқытуға көшеді

Төртінші тоқсан басталысымен Қарағанды облысының көптеген мектептері қашықтан оқыту форматына көшеді. Мұндай шаралар COVID-19 инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған. Облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев  аймақтың жаңа әдіске қаншалықты дайын екені туралы мәлімдеді.

  • 6 сәуірден бастап 208 қалалық мектепте оқитын 155 095 оқушы және 168 ауылдық мектепте оқитын 38 519 оқушы қашықтан білім ала бастайды. Сабақтар “Google Classroom”, “Daryn”, “Оnline.kz”, “Edupage.org”, “Moodle” және “Zoom” платформаларында өтеді, – деді Есенғазы Иманғалиев. 

Аймақтағы 131 ауылдық мектепте білім берудің дәстүрлі форматы сақталады. Олар – шалғай аудандарда орналасқан мектептер. Мұндай мектептерде оқушылар саны 80 адамнан кем. Сабақтар екі ауысымда өтеді және  кабинеттік жүйе тоқтатылады. Ғимараттың өзінде санитарлық тәртіп күшейтіледі.
Қазір аймақтағы барлық мұғалімдер мен оқушыларды гаджеттермен және компьютерлермен, сондай-ақ қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқарылуда. Жергілікті атқарушы органдар компьютерлер мен планшеттерді сатып алуға қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың сегіз өңірінде 2 409 компьютер мен планшет сатып алуға 377 млн теңге бөлінді.
Мұғалімдердің 92,5 %-ы қашықтан сабақ жүргізу мүмкіндігіне ие. Оқушылардың 95,1% компьютерлермен және гаджеттермен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, ұялы байланыс операторларымен қашықтан оқыту кезеңінде желіге қосылу қиындықтары бар оқушыларға тегін негізде мобильді интернет қызметін ұсыну келісімдері жасалуда. 
Аймақтың барлық интернет-провайдерлері абоненттің балансы нөлге тең немесе одан да аз болған жағдайда  қызметтен ажыратпауға келісті.   

Басқа материалдар

Back to top button