Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды облысында 33 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді

Биыл 15 616 бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Жалпы, жаңа оқу жылында 175 мың оқушы білім алмақ. Балаларға сапалы білім беру мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен «Келешек» мектептері жобасы аясында Қарағандыда – 300 орындық, Балқашта – 900 орындық жаңа білім ордасы ашылды. Ал Талды ауылында апатты мектептің орнына 200 балаға арналған жаңа оқу ордасы есігін ашады. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей әлеуметтік желідегі парақшасында атап өтті. 

Суреттер облыс әкімдігінен

–Сана саңлауына сапалы білім құю үшін алдымен жақсы жағдай жасау керектігі белгілі. Осы мақсатта 265 білім беру объектісі жөндеу жұмыстарынан өтті. Оның ішіде 33 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 29 оқу ордасы «Мектептерді реновациялау» жобасы аясында іске асырылды. 77 модификацияланған кабинет тағы бар. Басым бөлігі – физика, химия, биология бағытында. Сапалы біліммен, ізгілікке толы ілімнің көзі – ұстаздар. Оқытушыларымыздың біліктілігін артыру мақсатында облысымызда «Ustaz Pro» жобасы жұмыс істейді. Ол моноқалалардағы білім деңгейін көтеруге елеулі үлес қосары сөзсіз. Сонымен қатар, «1000 көшбасшы» бағдарламасы стратегиялық ойлау қабілеті жоғары мектеп басшыларын дайындайды. Тағы бір жақсы бастамала – «Teach for Qazaqstan» бағдарламасы. Пилоттық жоба негізінде тек біздің өңірде бастау алып, облыстағы білім сапасын арттырмақ, – деді Әлібек Әлденей.

Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ бүгінде білімімен атой салар дарынды жастар легі өсіп келе жатқанын, білікті ұстаздардың да қатары баршылық екенін тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады», – деді. Расымен ұпайымыз түгенделіп келеді.Мәселен, облысымыздың 4 мектебі республиканың үздік 100 олимпиадалық мектебі қатарына енді. Ал, математика пәнінен білім сапасы республика бойынша көш бастап тұр. Олимпиадалық қозғалыста да өңір жастары алдына қара салар емес. Оқушыларымыз халықаралық сайыстарда 56 медаль еншілесе, республикалық бәсекеде 40 медальді қанжығасына байлады, – деді Әлібек Үсенұлы.

Аяулым СОВЕТ

 

Басқа материалдар

Back to top button