Бас тақырып

Қарағанды облысында 219 сынып уақытша онлайн форматқа ауыстырылды

Қарағанды облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың таралуы күшейіп, өңірдің білім беру ұйымдарында эпидемиологиялық режим қатайтылды. Вирус жұқпасының өршуіне жол бермеу мақсатында 49 мектептегі 219 сынып уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидмаусым басталған 1 қазан мен 28 қараша аралығында облыста ЖРВИ-дің 92 612 жағдайы тіркелген. Сырқаттанғандардың 59%-ын – 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Сонымен қатар, зертханалық түрде тұмаудың 72 жағдайы расталған: олардың 98,6%-ы А(H3N2) вирусы, 1,4%-ы А(H1N1). Тұмау жұқтырғандардың 79%-ы балалар, барлығы – вакцина алмаған.

Инфекцияның таралуын тежеу мақсатында облыста санитарлық-профилактикалық шаралар күшейтілді. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, медицина ұйымдарының кіреберістерінде сүзгі-посттар жұмыс істеп тұр, ал 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері маска режимін сақтауда. Жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда үйде кезектен тыс қызмет көрсетіледі. Балабақшаларда таңертеңгі сүзгі міндетті түрде өткізіледі.

Білім беру ұйымдарында сырқаттанушылық өскен кезеңде бір сыныпта бір инкубациялық кезең ішінде оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ жұқтырғаны анықталса, мектептерде бірқатар шектеу шаралары енгізіледі. Атап айтқанда, кабинеттік оқу жүйесінен уақытша бас тарту, он күн бойы жаңа оқушыларды қабылдауды тоқтату, сондай-ақ білім ордаларының қолжетімді жерлеріне қолды өңдеуге арналған антисептиктері бар санитайзерлер орнату ұсынылады.

Егер сыныптар арасында тіркелген сырқаттанушылар үлесі 30% немесе одан жоғары болса, бір инкубациялық кезең ішінде аталған сыныптар толықтай онлайн оқыту форматына ауыстырылады.

Тұмау – ауа-тамшылы жолмен тез таралатын жедел вирустық инфекция. Сондықтан ол әсіресе балалар арасында жылдам жайылады. Тұмау вирустарына барлық жас санатындағы адамдар өте сезімтал келеді, дейді мамандар. 

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button