Ресми

Облыста 2 трлн теңгеге 40 жоба жүзеге асырылуда

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өңір басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК Қарағанды облысы экономикасының өсу нүктелері туралы айтып берді.

– Биыл жалпы құны 285 млрд теңгеден асатын 14 жаңа өндіріс іске қосылады. Жұмыспен кемінде 2,5 мың адам қамтамасыз етіледі, – деді облыс әкімі. – Мамыр айында QazCarbon компаниясының жаңа байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Кәсіпорын күлділігі төмен жоғары сапалы көмір өндіреді. Жәйрем ТКБК жаңа байыту фабрикасында іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айында компания өндірістік бағдарламаға кіріседі. Балқашта қуаты 50 МВт күн электр станциясын іске қосу жоспарлануда, ал жалпы екі жыл ішінде өңірде «жасыл» электр энергиясын өндіру 77%-ға өсті.

Жеңіс Қасымбек Саран қаласындағы бұрынғы РТБ зауыты аумағындағы жаңа индустриялық аймақтың даму әлеуеттерін атап өтті. Сәуірде мұнда ресейлік «Татнефть» компаниясының қатысуымен шина зауытының құрылысы басталды. Өнімнің бірінші партиясын шығару 2022 жылдың соңына жоспарланып отыр. 2020 жылдың желтоқсан айында жұмыс істей бастаған «ҚазТехна» автобус зауыты маусым айында екінші кезеңге – ұсақ торапты құрастыруға шығуы тиіс.

– Жалпы қазір өңірде бір мезгілде жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылуда, – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, биылғы жылы экономиканы дамытуға кем дегенде 810 млрд теңге инвестиция тарту міндеті қойылған. Бұл көлемнің 80%-дан астамы – жеке қаражат. Төрт айдың ішінде нәтиже 211 млрд теңгеден асты.

Осы кезеңде облыста 1349,9 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде 3,6%-ға өсім байқалды. Болат пен мыс өндірісі артты.

Өңір басшысы ең жоғары өсу қарқыны бар салаларды атады. Бұл жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, фармацевтика, резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі, химия өнеркәсібі.

Басқа материалдар

Back to top button