Қарағанды облысында 18 мың тұрғын Birgemiz қорынан көмек алады

Қарағанды облысының үш қаласында 13 мыңнан астам адам 50 мың теңгеден бір реттік көмек алды. Енді,  әлеуметтік жағынан осал 18 мың адам мамыр айында көмек алады.  Birgemiz акциясы аясында тұрғындарға қандай көмек көрсетілетіндігі туралы Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова мәлімдеді.

Birgemiz қорының Қамқоршылық кеңесі 150 мыңнан астам қазақстандыққа көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл республиканың 23 қаласының тұрғындары. Қарағанды облысында осындай үш қала анықталды — Қарағанды, Теміртау, Жезқазған. Біздің облыста Birgemiz-Qaragandy филиалы ашылды, онда Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында тұратын халықтың әлеуметтік осал топтарынан табысы ең төмен адамдарды қолдау үшін республикалық қордан ақша түседі. Қала әкімдері мен әлеуметтік қорғау органдары қолдауға мұқтаж адамдардың тізімін береді.

9-16 сәуір аралығында бірінші траншпен Қарағанды облысының үш қаласының тұрғындарына 50 мың теңгеден аударылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына кіретін 13 674 адамға (көп балалы, I топтағы мүгедектер, мүгедек баланы күтуші тұлғалар, жасына байланысты зейнеткерлер, ең төменгі зейнетақы алатын, жетім балалар, және асыраушысының бірінен айырылған балалар, ҰОС қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар, тыл еңбеккерлері) жалпы сомасы 683 млн 700 мың теңгеге көмек көрсетілді.

Материалдық көмек екінші деңгейдегі банктер арқылы адамның карточкалық немесе ағымдағы шотына аударылады. Мұндай қолдау кәсіпкер-меценаттардың көмегінің арқасында мүмкін болды.

— Мамыр айының басында іске қосылатын екінші траншпен  Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қаласынан 18 383 адамды қамту жоспарлануда, — деді Қадиша Оспанова.

Сондай-ақ, #Bizbirgemiz #NurOtan қайырымдылық акциясы аясында 19 наурыздан 26 сәуірге дейін Қарағанды облысында Jas Otan және Saryarqa jastary еріктілер бригадаларының күшімен 5 100 мұқтаж отбасына (көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер, тыл еңбеккерлері, жетім балалар) 65 млн. теңгеге көмек көрсетілді. Оларды антисептикалық құралдармен, медициналық маскалармен және бірінші қажеттілік өнімдерімен қамтамасыз етті.
Облыстық штабтың әрбір еріктісі күн сайын орта есеппен 10-12 мекенжайды аралап шығады. Еріктілер демалыссыз жұмыс істейді.

Сонымен қатар кәсіпкерлер, партияның белсенді мүшелері әлеуметтік жағынан осал азаматтарға 36 тонна картоп, 16 тонна ұн, 5 тонна ет, 1000 тауық еті, көкөніс пен жеміс-жидектер бөлді. Партиялықтар көп рет қолданылатын маскаларды тігуді ұйымдастырып, 10 мыңнан астам жеке таңғыштар таратты.

— Қарағандыда 1 сәуірден бастап 85 жастан асқан 49 жалғыз басты және аса мұқтаж зейнеткерлер үшін күн сайын ыстық тамақ дайындау және жеткізу ұйымдастырылған. Бұл көмек карантин аяқталғанға дейін жалғасады, — деп атап өтті Қадиша Оспанова.

Nur Otan партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне және ресми аккаунттарына күн сайын 150 өтініш келіп түседі.