Бас тақырыпРесми

Қарағанды облысында 149 демалыс орнының 80-і ғана талапқа сай – Олжас Бектенов

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында бірқатар өңірлер әкімдерінің туризмді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет Үкімет

Атап айтқанда, облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыстың туристік саласын дамытудың негізін 5 басым бағыт қалыптастыратынын атап өтті: Алакөл және Балқаш көлдері, «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауының тау жотасы.

Соңғы үш жылда облыста туризмді дамытуға мемлекеттік бюджеттен 58,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2025 жылы – 30,2 млрд теңге. Бұл облыстың даму бюджетінің шамамен 30%-ын құрайды.

Әкімдіктің мәліметінше, аймақтың туристік индустриясы тұрақты өсім көрсетуде. Мониторинг қорытындысы бойынша 2025 жылы туристер саны 11%-ға артып, 2 млн адамды құрады, оның ішінде шетелдік туристер саны 60%-ға – 4,2 мыңнан 6,7 мың адамға дейін өсті. Көрсетілген қызметтер көлемі 17%-ға артып, 7,7 млрд теңгеге жетті, нөмірлік қор 23 мың төсек-орынға жетті.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде негізгі туристік орталық ретінде Балқаш және Қарқаралы курорттық аймақтары белгіленгенін баяндады.

2025 жылы облыс 370 мың турист қабылдады, көрсетілген қызмет көлемі 8 млрд теңгені құрады, жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысына келетін туристер саны жыл сайын артып келе жатқанын хабарлады.

Жедел деректер бойынша 2025 жылы өңірге 500 мыңнан астам турист келді, көрсетілген қызметтер көлемі 17 млрд теңгеден асты, өсім 13%-ға артты. Мемлекет басшысының халықаралық әуе қатынасын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылы Ақтау – Дубай және Ақтау – Нүкіс 2 халықаралық рейсі іске қосылды.

Бүгінгі таңда Ақтау қаласының әуежайы 16 халықаралық бағыт бойынша жұмыс істейді.

  Әкімдіктің мәліметінше, мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде 10% көлемінде жалпы сомасы 269,5 млн теңгеге 2 жоба субсидияланған.

2025 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба аяқталды, 110 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Ақтау қаласының Бас жоспарын өзектендіру жұмыстары аяқталды.

Олжас Бектенов туризмді дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы әкімдер мен министрлер баяндамасын тыңдады: «салада әлі де жүйелі мәселелер бар»

Тиісті министрлер мен бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Былтыр Президент азаматтардың көптеген шағымдарынан соң Алакөлдің айналасындағы, сондай-ақ жалпы еліміздегі туристік дестинациялардағы инфрақұрылым мен сервистің нашарлығын, қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауын қатаң сынға алды, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өткен жарты жыл ішінде тиісті жұмыстар атқарылды:

  • бірқатар өңірде, атап айтқанда Жетісу облысындағыдай, туризм саласында тұрақты жұмыс істейтін жедел штабтар құрылды;
  • Алакөлге жақын маңдағы елді-мекендерде су бұру және жағалауды бекіту ісі қолға алынды;
  • Шығыс Қазақстан облысында танымал туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жолға қойылды.

Жалпы өңірлерде оң динамика бар. Алайда, туристік аймақтарда жүргізілген кешенді тексерулер бұл салада әлі де жүйелі мәселелердің барын анықтады, – деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов бірқатар түйткілді мәселеге тоқталды:

  • Көптеген нысандарда интернет сапасы нашар. Жұмыстар әлі жоспарланып жатыр немесе қарқыны өте баяу.
  • Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері жиі көтеріледі. Көптеген кәсіпкерлер қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжаттарды керек қылмайды. Мәселен, Қарағанды облысында қазіргі таңда 149 көпшілік демалыс орнының ішінде 80 нысан ғана санитариялық-эпидемиологиялық қызметтердің қорытындысын алған. Ал, 28 жағажайдың тек 3-еуіне тиісті қорытынды берілген.
  • Көпшілікке танымал және шалғайда орналасқан туристік дестинацияларға көлікпен жету мәселесі мен жол бойындағы сервиске қатысты үлкен сұрақтар бар.
  • Кей жерлерде энергия қуаты жетіспейді;
  • Тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттерді, құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерін ұйымдастыру ісі барлық жерде бірдей шешімін таппай келеді.

Туристік нысандарға жақын дәмханалар мен дүкендерде бағалар сол күйі қымбат.

Шашылып жатқан қоқыстарға, демалыс орындарына апаратын жолдар мен көлік тұрақтарының жоқтығына қатысты туристер тарапынан түсіп жатқан шағымдар көп.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button