Қарағанды облысында 14 теміржол нысаны жаңарады
Қарағанды облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында 14 нысан қайта жаңартылуда. Оның ішінде 10 вокзал мен 4 жолаушылар платформасы бар. Жоба жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған. Бұл жайлы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жаңғырту барысында вокзал ғимараттары, инженерлік желілер, күту залдары мен перрондар толық жаңартылып, қозғалысы шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптасады. Сондай-ақ қауіпсіздік жүйелері, навигация және жалпы жайлылық деңгейін арттыруға ерекше назар аударылады.
Қайта жаңарту жұмыстары Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дәрия, Жарық, Жаңа Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау, Мырза, Нұра және Сарыбел станцияларындағы вокзалдарды қамтиды. Сонымен қатар Теміртау, Айса, Қарағанды-Сұрыптау және Сарышаған станцияларындағы жолаушылар платформаларында да жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаны іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте пойыз қозғалысы мен жолаушыларға қызмет көрсету үдерісі тоқтамайды. Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



