Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды облысында 101 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі табысты жұмыс істеуде

Биылдан бастап 29 қазан ресми түрде кәсіби мереке Қазақстан кәсіпкерлері күні болып белгіленді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті бұйрығына 2025 жылғы 30 шілдеде қол қойылған. Осыған орай, Достық үйінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Мерейлі шараға аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, бизнес саласының өкілдері, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Бұл мереке – өз ісіне сенетін, жігері мен табандылығының арқасында өңірдің дамуы мен экономиканың негізін қалыптастырып жүрген жандардың мейрамы. Бүгінде Қарағанды облысында 101 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі табысты жұмыс істеуде. Атаулы салада 236 мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл өңірдің еңбекке қабілетті халқының әр екіншісі. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өндіріс көлемі артып келеді, экспорттық әлеует нығайып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Істеріңіз алға бассын, баршаңызға сәттілік пен амандық тілеймін! Мереке құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Кәсіби мереке күнінде  кәсіпкерлік саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар азаматтар марапатталып, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері айрықша аталды.

– Қоғам өміріндегі еңбегіміз еленіп, мұндай жоғары бағаға ие болғаныма шынымен бек қуаныштымын! Іскерлік жолда біз тек серіктестігімізді ғана емес, сонымен бірге, туған өлкеміздің экономикасын дамытуға өз үлесімізді қосып келе жатқаныма сенімдімін. Толайым жетістіктер барлық қызметкерлердің, серіктестердің және бізбен бірге жүрген әрбір адамның еңбегі. Барлық әріптестеріме өміршең өзгеріс, береке және тыныштық тілеймін! – деп ағынан жарылды белгілі кәсіпкер Сапар Ибкеев.

Еске салайық, атаулы күнді таңдау маңызды тарихи оқиғаға байланысты болды. 2015 жылғы 29 қазанда бизнесті қолдау жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясаттың базалық қағидаттарын қалыптастыра отырып, кәсіпкерлік, инвестиция, бәсекелестік және мемлекеттік бақылау саласындағы негізгі заңнамалық актілерді шоғырландырған Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі қабылданды. Бүгінде елімізде 2 миллион 300 мыңнан аса бизнес субъектісі тіркелген.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button