Қарағанды облысының Шахтинск қаласына жақын орналасқан Долинка ауылында ұсақ малдың жаппай қырылуы тіркелді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 15 шілдеге қараған түні 100-ден аса қой мен ешкі өлген. Қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар малдың өлімін уланумен байланыстырып отыр.

Жергілікті халықтың сөзіне қарағанда, малдар күнделікті жайылатын жайылымнан кейін қырылған. Кейбір көздер жануарлардың бір ғана су көзінен ішкенін, сол судан улануы мүмкін екенін алға тартады. Малдың өлекселері ауыл маңындағы жайылымда табылған.
Мәселе бойынша Қарағанды облысының Ветеринария басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта қырылған малдан сынамалар алынып, кешенді зертханалық сараптамалар жүргізіліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, малдың улануы негізгі себеп болуы мүмкін.
– Жануарлар үнемі жайылатын жайылымда жүрген. Барлығы бір су көзінен ішкен. Қазір нақты улану көзі мен себебін анықтау үшін зерттеу жүргізіліп жатыр. Эпизоотиялық жағдай тұрақты, жұқпалы аурулар тіркелген жоқ, – делінген ветеринариялық қызметтің ресми хабарламасында.
Облыс әкімдігіне қарасты бейінді басқарма жағдайдың бақылауда екенін атап өтті. Мамандар улану көзін анықтап, болашақта осындай оқиғалардың алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА