Қарағанды облысына 8 айда 644 млрд теңге инвестиция тартылды
Қарағанды облысында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылдың сегіз айы ішінде өңірге 644 млрд теңге қаржы құйылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артық.

Бұл туралы аппараттық кеңесте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев мәлімдеді. 2025 жылы жалпы саны 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның жартысына жуығы өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі. Жыл қорытындысымен 1,5 трлн теңге инвестиция тарту көзделген.
Инвесторларға өңірде қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік бағдарламалар мен даму институттарымен қатар, өңірлік «Кәсіпкер» және «Өрлеу» бағдарламалары жұмыс істейді. Дайын инфрақұрылыммен және салықтық жеңілдіктермен қамтамасыз етілген екі ірі алаң бар – «Сарыарқа» АЭА мен Саран индустриялық аймағы. Сондай-ақ «Сарыарқа» ӘКК базасында Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Қолдау тетіктері жеңілдетілген несиелер, инфрақұрылым тарту, жер телімдерін бөлу және жер қойнауын пайдалану лицензияларын ұсынуды қамтиды.
– Облыста іскерлік белсенділік артып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 101 мыңнан асты. Биыл 3,8 мың кәсіпкерге субсидия, кепілдік, грант және жеңілдетілген несие арқылы қаржылай қолдау көрсету жоспарланған, – деді Асқар Ғазалиев.
Қазірдің өзінде бірнеше ірі жоба іске қосылды. Атап айтқанда, ыстық мырыштау зауыты, Samsung маркалы теледидарлар мен кір жуғыш машиналар шығаратын өндіріс орындары пайдалануға берілді. Металлургиялық кремний өндірісі қайта қалпына келтірілуде.
Осакаров ауданында қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Жақын уақытта өңірде болаттан тік дәнекерлі құбырлар, алюминий радиаторлары мен кремнийлі қорытпалар өндірісі жолға қойылады.
Аграрлық салада да ірі жобалар бар. Осакаров ауданында ең ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін сыйымдылығы 1200 басқа арналған алғашқы кезең іске қосылмақ.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы үнемі бақылауда екенін атап өтті.
– Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы инвестицияларды қай салаға және қандай көлемде бағыттау қажеттігін нақтылап айтты. Жобаларды дайындау мен іске асыруға әкімдер жеке жауапты. Инвесторларда мәселе туындаған жағдайда, заң аясында жедел шаралар қабылдануы тиіс, – деді өңір басшысы.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА