Бас тақырыпБілім

Қарағанды облысы – жұмысшы мамандықтар бойынша үздік үштікте

Бүгін Қарағанды қаласында жастардың кәсіби дамуына серпін беретін екі маңызды шара — «Жұмысшы кәсіптер жылы: шеберлікке бастар жол» форумы мен «WorldSkills Karaganda» чемпионаты басталды. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асып, жастар мен жұмыс берушілер, білім беру ұйымдары мен билік өкілдерінің басын қосты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Форумның ашылу салтанатына 700-ден астам қонақ жиналып, Қарағанды өңірінің білім, өндіріс және әлеуметтік серіктестік салаларындағы мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. 38 колледжден келген студенттер мен 10 жетекші кәсіпорынның өкілдері қатысқан форум — білім мен өндіріс арасындағы тиімді байланыстың жарқын үлгісіне айналды.

Қарағанды облысы – еліміздегі өндіріс, құрылыс және металлургия салаларының ірі орталығы. Мұнда 800-ден астам кәсіпорын мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал бұл жүйенің тұрақты жұмыс істеуі техникалық және кәсіптік білім беру саласына тікелей байланысты.

Форум аясында түрлі белсенділік алаңдары ұйымдастырылып, қатысушыларға арналған естелік монета табысталды. Бұл – тек символ емес, жастарға еңбек пен білімнің құндылығын көрсетудің бір жолы. 

Форуммен қатар бастау алған WorldSkills Karaganda чемпионаты биыл 20–23 мамыр аралығында өтеді. Байқауға 38 колледжден 286 үміткер қатысып, 46 құзырет бойынша шеберлігін сынайды. Сайыс алаңдары облыстағы 6 колледж бен тағы 13 оқу орнында орналасқан.

Қарағанды облысының WorldSkills қозғалысындағы жетістіктері – ерекше мақтаныш. 2024 жылы облыс командасы республикалық деңгейде үздік үштікке енді. Сонымен қатар, қарағандылық студент прототип жасау бойынша ұлттық чемпионатта 1-орын иеленіп, халықаралық додаларда ел намысын қорғады. Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен байқауда Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті «Өнеркәсіптік дизайн» бағыты бойынша топ жарды.

Бүгінде Қарағанды облысындағы 52 колледжде 32 мыңнан астам студент білім алуда. 126 мамандық бойынша оқытылып жатқан жастарға сапалы білім беру үшін өңірде үлкен қадамдар жасалуда. 37 кәсіпорынмен бірлесіп 152 жаңа білім беру бағдарламасы енгізіліп, 38 колледж дуальды оқыту жүйесіне көшкен. 8 мыңнан астам кәсіпорынмен серіктестік орнаған.

Облыс колледждері Германия, Жапония, Қытай, Түркия сынды елдердің оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Бұл – білім сапасын арттырып, жұмысшы мамандықтарды әлемдік деңгейге шығару жолындағы нақты қадам.

Сонымен қатар, «Жаңа кәсіптер мен құзыреттер Атласы» әзірленіп, болашақта қажет болатын жаңа салалар қамтылған. Мысалы, аддитивті технологиялар, мультимедиалық дизайн, киберқауіпсіздік сияқты заманауи бағыттар бойынша нақты құзыреттер анықталған. 2024 жылы өңір түлектерінің 90,8%-ы жұмысқа орналасқан, бұл – білім беру жүйесінің еңбек нарығымен тиімді үйлесім тапқанын көрсетеді.

Форум соңында чемпионат қатысушылары адал сайыс өткізуге ант беріп, әділ бағалауға сенім білдірді. Іс-шара танымал әнші Qanay-дың жастарға арналған әнімен жабылды.

Қарағанды – тек өндірістің емес, білім мен кәсіби шеберліктің де ордасы. Бұл форум мен чемпионат – жастарға бағыт көрсетіп қана қоймай, ел болашағын қалыптастыратын іргелі іс.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button