Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағанды облысы өз өнімін өндіру мен тұтыну жүйесін жолға қоюда

Қарағанды облысында азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік өндірушілермен форвардтық келісімдер жасалып, әлеуметтік павильондар саны артты. Биыл агросекторға салынған инвестиция көлемі 44 млрд теңгеге жетті.Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы шаралар туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында кеңінен баяндады деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

– Бағаның өсуін тежеу үшін жергілікті өндірушілермен форвардтық келісімшарттар жасасып, нан пісіру кәсіпорындарын қолдап, әлеуметтік павильондар ашып жатырмыз. Онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз, тегін берілген сауда орындарында тікелей сата алады. Бір павильон ашылды, тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – қала тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді өнім алу мүмкіндігі, ал фермерлер үшін өткізу нарығын кеңейтуге жол ашатын тиімді алаң, – деді өңір басшысы.

Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл азықтық дақылдардың көлемі 30 пайызға өссе, майлы дақылдарға арналған алқаптар екі есеге ұлғайған.

Облыста сүт өнімдеріне деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі саналады. Нұра ауданында 1100 басқа арналған заманауи сүт-тауарлы ферма іске қосылып, жылына 9 мың тонна сүт өндіру жоспарланған. Ал Осакаров ауданында 6 мың басқа арналған ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Жоба іске қосылған соң, жылына 55 мың тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, өңірлік кәсіпорындардың арасында Saumal Biotechкомпаниясы ерекше үлгі бола алады. Бұл кәсіпорында бие мен түйе сүтінен лиофилденген қоспалар және жоғары сапалы мал азығы өндіріледі.

– Өткен жылдан бастап бұл зауыт өнімін АҚШ-қа экспорттап, Қытаймен де серіктестік орнатты. Бұл – қазақстандық өнімнің шетелдік нарықта бәсекеге қабілетті екенін және жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдейді, – деді аймақ басшысы.

Жалпы, агроөнеркәсіптік секторда 47 миллиард теңгеге 31 жоба жүзеге асырылмақ, соның нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button