АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысы моноқалаларды дамыту тәжірибесімен бөлісті

Қарағанды облысында Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес моноқалаларды дамыту бойынша республикалық семинар-кеңес ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 20 қала әкімі мен орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері қатысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Семинар барысында Саран қаласының тәжірибесі кеңінен талқыланды. Бұрын моноқала мәртебесінде болған Саран индустриялық аймақ құру арқылы айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізді. Қалада жаңа өндіріс орындары ашылып, 2000-нан астам тұрақты жұмыс орны пайда болды. Жақын болашақта бұл көрсеткіш 3,5 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қала инфрақұрылымы жаңарып, тұрғын үй құрылысы белсенді түрде жүргізілуде.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, Саран бүгінде дамып келе жатқан, инфрақұрылымы жаңарған, халық саны өсіп жатқан, өнеркәсіптік әлеуеті зор қалаға айналды. Ол бұл жетістіктерге Үкімет қолдауының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

Облыста қазіргі таңда төрт моноқала бар: Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқаш. Бұл қалаларда 340 мыңнан астам адам тұрады, бұл облыс халқының үштен біріне тең. Моноқалалар аймақтың жалпы өнеркәсіптік өндірісінің жартысына жуығын қамтамасыз етеді.

Семинар аясында қатысушылар моноқалаларды тұрақты дамыту жол картасын әзірлеу, шетелдік табысты тәжірибелерді зерттеу, сондай-ақ Мемлекет басшысының экономика әртараптандыру және цифрландыру тапсырмаларын іске асыру жолдарын талқылады.

Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр 2019 жылдан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде қаланың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5,6 есеге өсіп, өңдеу секторының үлесі 92%-ға жеткен. Бұл – ірі өндірістердің ашылуы мен шағын және орта бизнестің дамуының нақты нәтижесі. Бюджетке түсетін салық көлемі үш есеге артты. Қалаға жұмыс іздеп келушілер саны артып, тұрғын үйге сұраныс көбейген. Осыған байланысты иесіз қалған 22 көпқабатты үй қалпына келтірілген.

–  2023 жылдың қарашасында Саранды моноқалалар тізімінен шығару – жай ғана формальдылық емес. Бұл біздің қаламыздың тұрақты және ең бастысы – әлеуетті болғанын мойындау. Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 208 млрд теңгені құрап, шамамен 4%-ға өседі деп күтілуде. 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қаланың табысы өседі, бұл қосымша қаражатты инфрақұрылымды, тұрғын үй жағдайын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Дарын Бұлқайыр.

Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов моноқалаларға ортақ проблемаларды атап өтті. Олардың қатарында – экономиканың бір ғана салаға тәуелділігі мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Ол Қарағанды облысының тәжірибесін өзге өңірлерге үлгі ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.

Семинар барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун Smart City технологияларын таныстырып, 14 өңірде іске асқан жобалар туралы атап өтті. Сондай-ақ халықаралық сарапшылар да сөз сөйледі.

Семинар соңында қатысушылар Саран қаласындағы бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button