Ресми

Қарағанды облысы коалициясы: Референдум қорытындысы – қоғамдық келісімнің айқын көрінісі

Республикалық референдум Қарағанды облысында жүргізілген ауқымды ақпараттық-түсіндіру және қоғамдық жұмыстың қорытындысын айқындап берді. Науқан барысында белсенді жұмыс жүргізген өңірлік коалиция тұрғындармен жүйелі диалог орнатып, оның нәтижесі нақты көрсеткіштер арқылы көрініс тапты. Дауыс беруге қатысқандардың 84 пайыздан астамы сайлау учаскелеріне келсе, 83,82 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Бұл – қоғамның ұсынылған бағытты саналы түрде қабылдағанын білдіретін маңызды көрсеткіш.

Референдум қорытындысы қарағандылықтардың Ата Заңға енгізілген өзгерістерді ел дамуының берік негізі ретінде қабылдағанын аңғартты. Сарапшылардың пікірінше, бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің, ортақ мақсатқа деген сенімнің көрінісі.

Мұндай нәтижеге бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халықтың күнделікті өміріне тікелей қатысты өзекті мәселелер төңірегінде жүргізілді. Кездесулер барысында білім беру, денсаулық сақтау, экология, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқару сапасы сияқты маңызды бағыттар кеңінен талқыланды. Сол арқылы Конституция жөніндегі әңгіме құр теориялық сипаттан арылып, нақты өмірмен байланыстырылған мазмұнды диалогқа айналды.

Екінші маңызды фактор – коалиция жұмысының форматы. Бір ай ішінде өңірде 800 мыңға жуық адам қамтылған 4 мыңнан астам іс-шара өтті. Әлеуметтік желілерде 55 мың жарияланым жарық көріп, 200 мың дана ақпараттық материал таратылды. Дегенмен, бастысы – сан емес, сапа. Тұрғындармен тікелей кездесулер, ашық пікір алмасу, қарапайым әрі түсінікті мысалдар арқылы күрделі конституциялық өзгерістер халыққа қолжетімді тілде жеткізілді.

Мамандардың айтуынша, азаматтарға Ата Заңның әлеуметтік саясаттың тұрақтылығына, медициналық қызметтердің қолжетімділігіне, құқықтық кепілдіктердің нығаюына және мемлекеттік институттардың сапасына қалай әсер ететіні нақты түсіндірілді. Мұндай тәсіл халықтың реформаларға деген сенімін арттырып, нәтижесінде қоғамдық қолдауға жол ашты.

Осылайша, Қарағанды облысындағы референдум тек саяси науқан ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің нығаюына ықпал еткен маңызды кезең ретінде бағаланып отыр.

Үшіншіден, азаматтардың көңіл күйіне сыртқы факторлар да ықпал еткені байқалады. Әлемдегі соңғы геосаяси ахуал, соның ішінде, Израиль, АҚШ және Иран арасындағы шиеленістің күшеюі жаһандық тұрақсыздық сезімін арттырды. Осындай жағдайда қоғам ішінде ішкі тұрақтылық пен саяси орнықтылыққа деген сұраныс күшейетіні анық. Осы тұрғыда жаңа Конституциядағы мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған негізгі қағидалар халық үшін аса өзекті әрі түсінікті болды. Атап айтқанда, Ата Заңда егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым, аумақтық тұтастық, басқару нысаны секілді мемлекеттіліктің іргелі негіздері өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілді. Бұл өз кезегінде мемлекеттің негізгі параметрлерін саяси өзгерістерден тыс ұстайтын берік құқықтық тірек қалыптастырып, қоғам санасында елдің тұрақты дамуына деген сенімді күшейтеді.

Сондай-ақ, жаңа Конституция аясында мемлекеттік басқарудың жаңартылған институционалдық құрылымы қалыптасатыны да маңызды фактор болды. Қоғамдық билік жүйесі жинақы әрі тиімді бола түсіп, президенттік институттың рөлі күшейеді, билік сабақтастығын қамтамасыз ететін нақты әрі қауіпсіз механизмдер енгізіледі, Парламенттің жұмыс тиімділігі артады. Бұл өзгерістер қоғамның басқару сапасына, тұрақтылыққа және мемлекеттік саясаттың сабақтастығына деген сұранысына толық жауап береді.

Өңір үшін реформаның практикалық маңызы да айрықша. Қарағанды облысында өндірістік экология, әлеуметтік сала және медициналық қызмет сапасы мәселелері әрдайым өзекті. Сондықтан, тұрғындардың жоғары деңгейде қолдау көрсетуі жаңа Конституцияның өмір сапасына тікелей әсер ететін шешімдерге берік негіз қалайтынын түсінгенін аңғартады. Медициналық қауымдастық өкілі ретінде бұл бағытқа ерекше мән беріледі, өйткені денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы, кадрлық әлеуеті мен медициналық көмектің қолжетімділігі мемлекеттік саясатқа тікелей байланысты.

Алдын ала қорытындылар жарияланып, жаңа Конституция қабылданды деуге негіз бар. Ендігі кезеңде конституциялық нормаларды сапалы іске асыру және оларды нақты өмірде қолдану міндеті тұр. Бұл – заңнаманы бейімдеу, жаңартылған саяси модельді жүйелеу, жаңа қағидаларды басқару тәжірибесіне енгізу секілді кешенді жұмыстарды қамтиды.

Алдағы уақыттың басты міндеті – қоғам білдірген жоғары сенімді нақты мемлекеттік шешімдер деңгейінде тұрақты нәтижеге айналдыру.

Аманжол ТІЛЕУБАЙҰЛЫ
Қарағанды қаласының әкімі сыйлығының «Жас дәрігер» номинациясының лауреаты

Басқа материалдар

Back to top button