Қарағанды облысы экономикалық өсім бойынша алда келе жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов баяндама жасады. Премьер-Министр өткен жылы еліміздің экономикасы 4,8%-ға өскенін мәлімдеді.
– Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% деңгейінде өсімге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға ұлғайды. Аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді, – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаға төмендеп, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді.
– Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды, – деді ол.
Премьер-министр өңірдердің экономикалық өсімінде атап өтті.
– Өңірлер бөлінісінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты, – деді Олжас Бектенов.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА