Қарағанды облысы – екі критерий бойынша үздіктер қатарында
Қарағанды облысы – биыл әкімдік басқарудағы тиімділіктің нақты үлгісін көрсетті. Қазақстан Құрылысшылар одағы жариялаған рейтингке сәйкес, аймақ республика бойынша ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл тізімде орын алу – есеп үшін ғана емес, іс үшін жұмыс істейтін өңірлерге берілетін нақты баға. Негізгі бағалау критерийлері — құрылыс қарқыны, мемлекеттік бюджетті уақытында әрі мақсатты игеру, тұрғындармен ашық байланыс, индустриялық жобаларды жүзеге асыру және ең бастысы – шенеуніктердің адалдығы. Қарағанды бұл бағыттардың біразында жоғары нәтиже көрсетті. Әкімдік аймаққа бөлінген қаржыны қағазбастылықпен созбай, нақты нысандарға бағыттаған. Өңірде басталған жобалар мәреге жеткен. Жолдар жөнделді, әлеуметтік инфрақұрылым салынды, өнеркәсіптік нысандар іске қосылды. Мұның бәрі – рейтингтің негізгі таразыларының бірі. Нәтижесінде облыс екі критерий бойынша үздік атанды. Бұл – өңірлік басқарудың сапалы моделін қалыптастырып отырғанын айғақтайтын баға. Рейтингті «Orda.kz» сайты жариялады.

Қарағандыда қағаздағы зауыттар мен бос уәделер – жоқ
Бюджет игеру және нақты құрылыс жұмыстары – басты бағалау критерийлерінің бірі болды. Сарапшылар өңірлерге мақсатты трансферттерді қаншалықты тиімді игергеніне, нақты қандай инфрақұрылым нысандары салынып, қайсысы қағазда қалғанына назар аударған.
Мәселен, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары индустрияландыру картасы бойынша жоспарланған жобаларды уақытылы аяқтап, жаңа өндірістік нысандарды іске қосты. Қарағанды мен Павлодар облыстары бұл бағытта +10 балл жинады. Бұл өңірлерде зауыттар, жолдар, әлеуметтік нысандар нақты салынып, іске қосылған.
Құрылысшылар соңғы бұранда бұралмайынша, зауыт жоба ғана екенін айтады. Қарағанды да осы ұстанымды ұстанады. Өңір зауытты сөзбен емес, іспен салады. Яғни, Қарағандыда сызба емес, шынайы құрылыс жүруде. Павлодар мен Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары да қалыспады. Бірақ, тізгін – Қарағандыда. Аймағымыз көмірмен емес, нақты өндіріс көрсеткішімен де алда. Демек, Қарағанды индустрияландыру картасында қозғалтқыш күшке ие.
Рейтинг көрсеткендей, Қарағандыда зауыттың қазығы ғана емес, қабырғасын да қалап қойған. Бұл үшін Қазақстан Құрылысшылар одағы облысқа +10 балл беріп отыр.
Әкімнің үнсіздігі ұпайды кемітеді
Әкімнің Facebook немесе Instagram парақшасы бар ма, жоқ па, бұл енді рейтингке тікелей әсер ететін фактор. Құрылысшылар одағы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі белсенділігін де есепке алды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев — әлеуметтік желіде үнсіз әкімдердің қатарынан емес. Оның Facebook және Instagram парақшаларындағы тұрақты жазбалары, нақты мәселелерге жедел үн қатуы мен өңір халқымен тікелей байланысы – Қарағандыны ашықтық бойынша көшбасшы өңірлердің біріне айналдырды. Бұл тұрғыда Қарағанды әкімдігі Астана мен Алматы секілді ірі мегаполистермен иық тірестіріп тұр. Қарағандыда ол – кері байланыстың шынайы алаңы.
Бұл бағытта Астана (10 балл) мен Алматы (9 балл) қалаларының әкімдіктері, сондай-ақ, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықпен ашық диалог орнатып, үздік деп танылды.
Сыбайлас жемқорлық – жүйелі дерт
Бас прокуратураның ресми деректеріне сәйкес, 2024 жылы 907 мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық күдігіне ілінген. Оның ішінде 7 әкім, сондай-ақ, жүздеген әкімдік және министрлік қызметкерлері бар. Зерттеушілер бұл деректерді негізге ала отырып, шенеуніктердің «тазалығын» бағалады.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі ең жоғары өңірлер қатарында Астана мен Шымкент (-10 балл), Алматы қаласы (-9 балл), Түркістан облысы (-6 балл) және Павлодар облысы (-5 балл). Бұл аймақтардағы әкімдік қызметкерлері жемқорлық дауларына жиі іліккен.
Министрліктер арасында ең теріс көрсеткіш – Ішкі істер министрлігіне тиесілі (-10). Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі (-5), Қаржы министрлігі (-3), Төтенше жағдайлар және Денсаулық сақтау министрліктері (-3) ұпайдан ғана алды.
Есесіне бірде-бір жемқорлық фактісі тіркелмеген ведомстволар да бар. Ал, Қарағанды облысы антирейтингтің алғашқы бестігіне енген жоқ. Демек, салыстырмалы түрде жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің қатарында. Яғни, облыс облысы жемқорлыққа қарсы күрес бағытында тұрақтылық танытып отыр. Облыс әкімдігі мен жергілікті мемлекеттік құрылымдар бұл жағынан ашық әрі сақ әрекет етуде. Бұл – жалпы рейтингте облыстың оң имиджін қалыптастыруға сеп болған факторлардың бірі.
Құрылысшылар одағының мәлімдеуінше, бұл рейтинг министрлік пен әкімдіктер үшін кезекті есеп емес, нақты әрекетке негіз болар құрал болуы тиіс.
Қорытынды
«Жергілікті атқарушы органдардың тиімділігі – ел ішіндегі инвестиция тарту, бизнеске жағдай жасау, инфрақұрылымды уақытылы аяқтау секілді маңызды көрсеткіштерге тікелей әсер етеді. Бұл рейтинг – әкімшілік басқару сапасының айнасы», – дейді сарапшы Ернұр Исақұлов.
Қарағанды — биыл Қазақстан Құрылысшылар одағы жариялаған рейтингтің екі критериінде көш бастады. Атап айтқанда, даурықпа пиарсыз, дауыс көтермей, дау тудырмай-ақ өз ісін тындырған аймақ. Жемқорлықпен аты шықпады, бюджет игеруде артта қалмады, шынайы зауыттар салды. Әкім халықпен мінберден ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да тілдесті. Құр уәдемен емес, шынайы істің көрінісін көрсетті. Соның жемісі – үздіктер қатарынан көрінуі.
Салтанат ІЛИЯШ,
ortalyq.kz