Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде Құран жарысы өтті
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айының құрметіне Құран Кәрімнің 30-парасын жатқа оқудан сайыс өтті.
Сайыстың ашылу салтанатында Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы қатысушыларды Рамазан айының келуімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа «Қамзе ата» мешітінің имамы Бауыржан Мейімбекұлы, «Әл-Азхар» университетінің түлегі Әбділмәлік Мұратұлы, «Хусамаддин Ас Сығанақи» институтының түлегі, «Үштөбе оқу ағарту орталығының» ұстазы Дәулет Ізетбекұлы төрелік етіп, сайысқа қатысушы шәкірттерге Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқуға қатысты жарыс ережелерімен таныстырып өтті. Баға беру барысында үміткердің оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді.
Жоғары деңгейде өткен сайыс нәтижесі бойынша, Муллаев Сайдмахмуд (300 000 теңге) сайыс жеңімпазы атанса, жүлделі ІІ орынды Әбдіразақ Қасым Жанарбекұлы (200 000 теңге) иеленді. Ал, ІІІ орын Тілеуқұл Жанәділдің шеберлігіне лайықты деп танылды (100 000 теңге).
Сонымен қатар, сайыста жеңімпаздардан бөлек жоғары нәтиже көрсеткен Тұрдымахаммед Мухаммад, Әбдіразақ Ибрагим және Бекболат Жанарбекұлына қаржылай 50 000 теңгеден ынталандыру сертификаттары табысталды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz