Қарағанды облыстық балалар кітапханасы «Менің отбасымдағы Жеңіс күні» акциясын бастады

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы аймақ тұрғындарын «Менің отбасымдағы Жеңіс Күні» виртуалды акциясына қатысуға шақырады. Акция 2020 жылдың 30 қарашасына дейін жалғасады.


«Жеңіс күні — бұл ата-бабаларымыздың ерлігін, соғыс жылдарындағы батырлығын есте сақтайтынымыздың және мақтан тұтатынымыздың белгісі. Жеңістің 75 жылдығына орай 15 сәуірден 30 қарашаға дейін біздің кітапхана «Менің отбасымдағы Жеңіс Күні» акциясын өткізеді. Біз оқырмандарымызды осы шараға қатысуға шақырамыз. Өз отбасыңыздың тарихымен бөлісіңіздер, себебі біз әрқайсымыз өз ардагер атамызды, үлкендерімізді құрмет тұтып, ардақтаймыз», — деді кітапхана қызметкерлері.

Отбасылық мұрағаттарды, естеліктерді зерттей отырып, балалар өз отбасының тарихын зерттеп, есте сақтап қалады.
Акцияға жас ерекшелігіне қарамастан тек Абай атындағы ОББ @odb abai Instagram-дағы жазылушылары қатыса алады.

Шарттары:
1. Қатысушылар отбасылық мұрағатқа зерттеу жүргізеді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жақын туыстарының өмірбаянын зерттейді, мүмкіндігінше фотосуреттер мен өзге де материалдарды жинайды.
2. Ақпарат жинағаннан кейін Instagram-дағы өз парақшасында «Менің отбасымдағы Жеңіс Күні» атты пост орналастырады: отбасындағы батыр туралы әңгіме (Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аты-жөні және атағы), фотосуреттер, аудио-және бейнеқұжаттар қойылады. Баяндау әдеби тілмен және иллюстрациямен әрленуі тиіс.
3. Жариялынымда @odb abai кітапханасын атап өтіп, #ОББЖеңіске75жыл хештегін орналастыру қажет, сондай-ақ оқушылар қосымша деректерін көрсету қажет – сынып, мектеп, қала, аудан, тұрғылықты кент.
4. Қатысушылар профильдері «Менің отбасымдағы Жеңіс күні» атты бейнероликті көргісі келетіндер үшін ашық болуы тиіс.

Акцияға қатысқан барлық жұмыстар үлкен жинақ болып жарық көреді.