АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды өнеркәсібі жаңғыру жолында: Qarmet «5-9-5» бағдарламасын жүзеге асыруда

Қарағанды облысы экономикалық өсімнің қарқынын бәсеңдетпей, тұрақты даму жолында нық қадам басуда. Биылғы он айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 932,9 миллиард теңгеден асты, ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4 триллион теңгеге жетті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы шаралар туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында кеңінен баяндады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

– Біздің өңір тұрақты көрсеткіштерін сақтап келеді: болат өндіру көлемі бойынша – бірінші, көмір өндіру және картоп өсіру бойынша – екінші, жұмыртқа өндіру бойынша – үшінші, астық жинау бойынша – төртінші орындамыз. Ел бойынша жұмыссыздық деңгейі ең төмен өңірлердің бірі – небәрі 4 пайыз, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, өнеркәсіптің тұрақты дамуы, шағын және орта бизнесті қолдау мен инвестиция тарту – облыс экономикасының басты басымдықтары. Бұл бағытта индустриялық аймақтар белсенді дамып, шағын өнеркәсіптік алаңдар құрылуда.

Ірі жобалардың бірі – Qarmet компаниясының өндірісті жаңғырту бастамасы. Кәсіпорын 2028 жылға дейін 1,6 триллион теңге көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында өндіріс табиғи газға көшіп, цифрлық технологиялар енгізілуде.

Облыс экономикасының басты тірегі саналатын тау-кен және металлургия саласы қарқынды жаңғыртылуда. Бұл бағытта өңірдің жетекші кәсіпорны – Qarmet компаниясы өндірістік дамудың жаңа сатысына көтерілді. Кәсіпорын жұмысы «5-9-5» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарлама бойынша 2028 жылға дейін 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір кені концентратын өндіру жоспарланған.

Көмір өндірісінде де айтарлықтай серпін бар: шахталарда 8 жаңа лава іске қосылып, көмір өндіру көлемі 15,1 пайызға өсіп, 6,2 миллион тоннаға жетті. Бұл – өңір экономикасының нақты өсімін айқындайтын көрсеткіштердің бірі.

Сонымен қатар, үш домна пеші толықтай табиғи газға көшірілді, нәтижесінде тәулігіне 250 тонна мазутты тұтынудан бас тартуға мүмкіндік туды. Бұл экологиялық тиімділікті арттырып, өндіріс шығынын азайтты.

Бүгінде кәсіпорындарда цифрлық технологиялар мен автоматтандыру жүйелері белсенді енгізіліп жатыр. Мұндай жаңашыл шешімдер еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, өндірістің тиімділігін арттыруға жол ашуда.

– Қарағанды өнеркәсібі – ел экономикасының тірегі әрі дамудың қозғаушы күші. Бұл үрдістің айқын дәлелі – Qarmet компаниясының өндірісті жаңғырту жобалары. Кәсіпорын тиімділікті арттырып қана қоймай, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button