Бас тақырыпМедицина

Қарағанды халқының 2-3%-ы жүрекше ақауынан туындайтын аритмия дертіне шалдыққан

Халықтың әл-ауқаты мен денсаулығы – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Өйткені, ел экономикасында адамның орны айрықша. Алдымен, денсаулықты нығайтуға халықтың өзі мүдделі болса, оған арнайы заң қабылдап, қызмет көрсету, жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Еліміздің медицина саласын дамытуда жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл тұрғыда өңір тұрғындары үшін медицинаның онкология мен кардиология саласындағы маңызды жобаларына тоқталып өтелік.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаңа жабдық – ел игілігіне

Өңірдің медицина саласына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жаңаша леп енгендей. Қор Қарағанды облысында аталған саланы дамытуға 24 миллиард теңге қаражат бөліп, 14 ірі жобаны жүзеге асыруда. Сол жобалардың алғашқысы – онкологиялық қызметті жабдықтау. Ем жүргізуге арналған жабдықтарға деген қажеттілік өңірде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар санының артуымен байланысты болып отыр. Қоғамдық қор көмек көрсетуге қажетті жабдықтардың жеткіліксіздігін ескере отырып, бірнеше өңірде осы жоба бастамасын көтерді. Оның қатарында Қарағанды, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ, Астана және Алматы қалалары бар. Аймақтардың онкологиялық ауруханаларына қор есебінен сызықтық үдеткіш және қосымша құрал-жабдықтар сатып алынған. Қарағандыдағы №3 көпбейінді ауруханаға әкелінген осындай аппараттардың жалпы сомасы 2 миллиард 650 миллион теңгені құрайды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының аға жобалық менеджері Зәуре Байменованың айтуынша, бұл жабдықтардың жүктемесі өте жоғары, өйткені, Қарағанды ғана емес, Ұлытау облысының науқастары да осы жерде ем қабылдайды.

2024 жылы алғашқылардың бірі болып, Қарағандыдағы №3 көпбейінді ауруханаға америкалық Varian компаниясының Halcyon моделіндегі сызықтық үдеткіш (линейный ускоритель) әкелінді. Бұл аппарат онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге сәулелік терапия жүргізуге арналған. Былтыр тамыз айынан күні бүгінге дейін Halcyon сызықтық үдеткіші аппаратымен 764 пациент емделген. Ал, Siemens Somatom go.SIM 64 компьютерлік томография аппараты арқылы 1 373 науқасқа ем-дом шаралары қабылданған.

Қыркүйек айында «Қазақстан халқына» қоры ұйымдастырған баспасөз турында бұл құрылғыларды көзбен көрген едік. Аурухана директоры Гамал Тоқсамбаев сызықтық үдеткіш аппараты қатерлі ісікке сәулемен әсер етіп, оның кішіреюіне, тіпті, кейде толық жазылуына ықпал ететінін айтқан болатын. Аппаратқа сұраныс өте жоғары, күніне 90 пациент ем алады. «Аппарат заманауи, оның ішінде, компьютерлік томография орнатылған, бұл тек ісік жасушаларына әсер етіп, сау тіндерді зақымдамай, ем жүргізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында науқастар қатерлі ісікті жеңіп келеді», – деген еді аурухана директоры Гамал Тоқсамбаев.

Сонымен қоса, заманауи КТ-симулятор аппаратын да айта кеткен жөн. Бұған 1,5 миллиард теңге көлеміндегі қаражат жұмсалыпты. «Мұндай заманауи аппараттар – аурухана үшін зор жетістік» деп есептейді дәрігерлер. Жаңа жабдықтар науқастардың өмір сапасын жақсартқан.

Орта Азияға ортақ орталық

Онкологиялық ауруханадағы ерекше жобалар тек бұл ғана емес. Жуық арада №3 көпсалалы аурухананың базасында ашылған эндоскопиялық оқу-референс орталығын осы тұста атай кеткен жөн. Еліміз бойынша екінші болып, өңірімізде ашылған эндоскопиялық оқу орталығы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азия елдерінен келген эндоскопист-дәрігерлердің кәсібилігін шыңдап, диагностиканы жаңа деңгейге көтеретін заманауи білім беру хабына айналмақ. Бұл жоба әлемдік көшбасшы Olympus компаниясымен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асты.

Заманауи эндоскопиялық орталық Evis X1 эндоскопиялық жүйелері мен жоғары технологиялы симуляторлармен жабдықталған. Осындай озық оқу үдерісі халықаралық стандарттарға сай кәсіби біліктілікті арттыруға және диагностикадағы озық әдістерді тәжірибеге енгізуге септеседі. Бұл жүйе эндоскопияны жасанды интеллектпен бірге жаңа деңгейге көтеріп, дәрігерге көзге көрінер-көрінбес өте кішкентай ісіктерді анықтауға көмектеседі. Сапалы колоноскопия әдістеріне және ADR (Adenoma Detection Rate – аденоманы анықтау көрсеткіші) есебін жүргізуге баса назар аударылады. Бұл көрсеткіш колоректалды обырды (тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігі) ерте анықтау мен алдын алуға әсер етеді. Осылайша, бұл жүйе мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Онкологиядағы ЖИ жүйесі

Қазіргі жаһандану дәуірінде медицина саласы да жаңашылдықтан қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, маңызды әрі алғашқы жоба ретінде Қарағандыдағы онкологиялық аурухананың Call-орталығында жасанды интеллект негізінде жұмыс жасайтын жүйені айтуға болады. 2023 жылдан бері өз тиімділігін дәлелдеп келе жатқан CallBox жүйесі жыл басынан желтоқсанға дейінгі аралықта 12 мыңнан астам өтінішті өңдеген. Қазан айында жасанды интеллект модулі енгізіліп, бір ай ішінде 1876 өтінішті қарады. Науқастар 11 секунд ішінде өтінішке жауап алады. Автоматты жүйе арқылы қабылдауға жазылады, консультация, анықтама алады, шағым немесе пікір бере алады. Жүйе жылдамдықты үш есе арттырып, уақыт үнемдейді.

– Бұл – пациенттермен кері байланыс жасау сапасының жаңа деңгейі. Жүйе әрбір өтінішті тіркейді және біз үшін науқастардың қажеттілігін білуге мүмкіндік береді, – дейді №3 көпсалалы аурухананың бас дәрігері Гамал Тоқсамбаев.

Технология – адам мүмкіндіктерін арттыратын құрал. Жасанды интеллект техникалық жұмысты орындайды, ал, өзара қарым-қатынас, эмпатия мен кәсіби пайымдау мамандардың қолында қала береді. Өйткені, онкологияда науқастардың көңіл күйі маңызды. Мұндайда науқасқа әсер ете алатын тек адам ғана.

– Біз CallBox жүйесін Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы медициналық мекемелер жұмысының ерекшеліктерін ескере отырып әзірледік және өз тиімділігін көрсетті. Біз бұл технологияны өңірдегі басқа да медициналық мекемелерге масштабтауға дайынбыз, – деді жобаны әзірлеуші «Синтегра» IT-компанияның бас директоры Владимир Толкачев.

Жаңа технология – жаңа өмір сыйлайды

Қарағанды халқының 2-3%-ы жүрекшелер фибрилляциясынан туындайтын аритмия дертіне шалдыққан. Бұл дертті емдеудің заманауи тәсілі – абляция деп аталады. Нақтырақ айтқанда жүрекшенің ақаулы бөлігін күйдіру арқылы жүзеге асады. Күні кеше Қарағандыдағы №2 көпсалалы ауруханасында алғаш рет Новосібірден арнайы келген, аритмияны катетерлік әдіспен емдеу және Zero-fluoro технологиясы бойынша сарапшы дәрігер Илья Стенин жоғары технологиялық әдіс бойынша шеберлік сабақ өткізді. Ота жүрекішілік УДЗ арқылы жүргізілді. Диа­метрі небары 5 мм датчиктің көмегімен дәрігерлер жүректі нақты уақыт режимінде көріп, рентген қолданбай-ақ жоғары дәлдікпен жұмыс жасайды. Аурухананың аритмолог-хирург дәрігері Нұрлан Елемесовтің айтуынша, мұндай оталардан кейін көптеген науқас қалыпты өміріне қайта оралады.

Ауруханаға алынған жаңа жабдықпен рентгенсіз-ақ ота жасалады және жүрек қуысының ішінен тікелей алынған кескін арқылы дәрігерлер аса жоғары дәлдікке қол жеткізе алады.

Сонымен қоса, кардиологиядағы заманауи технологиялар өңір тұрғындарының саулығы үшін қызмет етуде. Мәселен, күні кеше «Ақжан» клиникасында қауіпті аритмия түрі бар науқасқа кардиовертер-дефибриллятор имплантациялау операциясы сәтті жүргізілді. Дер кезінде қойылған диагноз бен заманауи технологиялардың арқасында дәрігерлер науқас өмірін ұзартты. «Ақжан» клиникасында емделген пациенттің аритмолог дәрігері Алексей Бокач:

– Науқас жоғары қауіп тобында болды, ал кешіктіру ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді. Кардиовертер-дефибриллятор ауыр жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Бұл мысал – ең алдымен, медициналық сақ­тандыру есебінен қаржыландырыла­тын жоғары технологияның маңыздылы­ғын айқындайды, – деді.

Оның айтуынша, мұндай оталар жү­рек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендетуде маңызды рөл атқарады.

Осылайша заманауи медициналық технологиялардың қолжетімді болуы және дәрігерлердің кәсіби шеберлігі ауыр жүрек ауруларына ұшыраған науқастардың өмірін сақтап, оларға жаңа мүмкіндік сыйлауда.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button