Жаңалықтар

Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде Шыңғыс Айтматов атындағы аудитория ашылды

Республика күні қарсаңында академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің филология факультетінде қазақ пен қырғыз еліне ғана емес, барша адамзатқа ортақ жазушы, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Қырғызстанның халық жазушысы – Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов атындағы аудитория ашылды.

Іс-шара Қарағанды ұлттық зерттеу университеті мен Қырғыз-түрік «Манас» университеті арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қол қойылған меморандум аясында жүзеге асты. 

Суреттерді түсірген Maksim Spodyryak

Оқу аудиториясының тұсаукесер рәсіміне академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, профессор Нұрлан  Дулатбеков, “Saryarqa aqparat” медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, филология факультетінің деканы, профессор Елдос Түйте, Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Любовь Реональдовна, факультеттің 2 курс докторанты Құрмет  Бажикеев қатысты. 

– Айтматов қаламынан туған әрбір шығарма адамзаттық көкейкесті мәселелерді қозғауымен, сыршылдығымен, шыншылдығымен, жаңашылдығымен ерекшеленеді. Шығармалары шет елдерге де кеңінен танылды. Шыңғыс Айтматов туындылары түгелдей дерлік қазақ тілінде жарық көргенін баршамыз білеміз. Сонымен бірге француз, неміс, жапон, араб, түрік, парсы тағы басқа дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылды. Айтматов “Тау мен дала хикаясы” атты шығармалар жинағы үшін 1963 жылы Лениндік сыйлық алды. “Қош бол, Гүлсары”, “Ерте кеткен тырналар” повестері, “Боранды Бекет” романы үшін үш мәрте КСРО  Мемлекеттік сыйлығының иегері болды.  Биыл академик, ғалым, біртуар тұлға Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығы аясында жасалған игілікті істер баршылық. Мерейлі жылдағы маңызды істердің жалғасы осы аудиторияның ашылуы – баршамыз үшін қуанышты жаңалық болды. Университетіміз үшін маңызды мерейтоймен қатар керемет тарихи сәттің де куәсі болып отырмыз, – деп атап өтті  университет  ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Сөз алған “Saryarqa aqparat” медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда Шыңғыс Айтматов атындағы аудиторияның ашылу – руханият әлемі мен әдебиетке деген құрмет екенін атап өтті. 

– Шыңғыс Айтматов – тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің, барша адамзаттың рухани биігінен орын алған тұлға. Оның шығармалары – адамдық пен ардың, уақыт пен тағдырдың, ұлт пен өркениеттің арасындағы алтын көпір. Айтматовты оқу – өзіңді, өз халқыңды, адамдық болмысты тану. Сол себепті университет қабырғасында оның атымен аталатын аудиторияның ашылуы – руханиятқа тағзым, білім мен мәдениеттің тоғысқан тұсы.
Жақында ғана ұлттық мәртебе алған Е.Бөкетов университеті бүгінде жаңа тыныспен, жаңа биікпен өмір сүріп келеді. Бұл мәртебе кездейсоқ емес, ол жылдар бойғы еңбектің, ғылым мен парасаттың, ұстаздық дәстүрдің мойындалуы. Университет қабырғасында ғылым мен руханият қатар өріліп, жас ұрпақтың бойына тек білім ғана емес, өмірлік құндылықтар дарытылуда. Мұнда Айтматовтың адамзаттың ар-намысы жайлы мәңгілік сөздері қайта жаңғырып, әр студенттің жүрегіне жол табады, – деп атап өтті Қайрат Әбілда.

Салтанатты шарада факультет деканы Ердос Ерғазыұлы ашылған жаңа аудитория университеттің материалдық базасын нығайтуға бағытталғанын және мұнда әртүрлі форматтағы жиындар, оқу процесі мен ғылыми жұмыс бойынша дәрістер өтетінін атап өтті.

Сондай-ақ семинар-тренингтер, диплом және магистрлік жұмыстарды алдын-ала қорғау, ғылыми жобаларды талдау және әдеби шығармаларды талқылау секілді іс-шаралар да өткізілмек.

Ашылу салтанатында  факультет жанындағы Қазақ халқының рухани мұрасын зерттеу институтының директоры, профессор  Жансая Жанғазыұлы мен Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айнаш Токушевна Шыңғыс Айтматов шығармашылығының өзектілігін баяндады. 

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button