Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде Салық Зиманов атындағы кабинет ашылды
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде қазақ құқық ғылымының көрнекті өкілі, ғалым және мемлекет қайраткері Салық Зимановтың есімі берілген арнайы кабинет салтанатты түрде ашылды. Шара бас ғимараттың №1 дәрісханасында өтті. Сонымен қатар «Салық Зиманов – тұлға, ғалым, мемлекет қайраткері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Жиынға университет басшылығы, оқытушылар, студенттер және академиктің жақындары қатысты. Университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Салық Зимановтың ел тарихындағы және құқық ғылымындағы айрықша орнын атап өтті. Оның айтуынша, Зиманов қазақ заң ғылымының дамуына ғана емес, Қарағанды Бөкетов университетіндегі заң факультетінің қалыптасуы мен өсуіне де зор үлес қосқан.
Академик Салық Зиманов – қазақ құқық ғылымының алғашқы докторы, заңгерлер арасынан шыққан тұңғыш академик, еліміздің құқықтық жүйесінің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. Оның өмір жолы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы саяси қайта құрулармен, репрессиялық саясатқа берілген тарихи бағамен, 1980 жылдардағы реформалармен және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы кезеңімен тығыз байланысты.
Дөңгелек үстелде Зимановтың құқықтық ойды дамытуға қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәті – кабинет лентасының қиылуы болды. Бұл құрмет профессор, заң ғылымдарының кандидаты Мұхтар Зимановқа, университет профессоры Бақытжан Жарылқасынұлына және профессор Найля Әмитоваға тапсырылды.
Жаңадан ашылған кабинетте Салық Зимановтың сирек кітаптары, ғылыми еңбектері, құжаттары мен тарихи фотосуреттері қойылып, арнайы экспозициялық бұрыш жасақталды. Бұл ғылыми орта болашақ заңгерлердің ізденіс жұмыстарына серпін беретін танымдық алаңға айналмақ.
Салық Зимановтың ұлы Мұхтар Зиманов өз сөзінде әкесіне деген ықыласын білдірді.
– Аудиториядан ерекше жылулық сезіндім. Естеліктерім қайта жаңғырып, әкем жанымда тұрғандай болды. Өзім химия саласының маманымын, ал, әйелім мен ұлым – заңгер. Сондықтан, бұл саланы олар менен жақсы біледі», – деді ол.
Сондай-ақ, Зимановтың келіні Жанат Зиманова ғалымның ұлт мүддесін қорғаудағы қайсарлығын атап өтті.
– «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» дейді. Біз қазіргі жетістіктеріміз үшін Салық Зиманұлының еңбегіне қарыздармыз. Ол – империяның пікірлеріне тайсалмай қарсы шығып, қазақ халқының намысын қорғаған тұлға. Мен келіні емес, шәкірті ретінде сөз алып тұрмын. Оның дәрістеріне қатысып, сабақ алғанмын. Зимановтың заң ғылымына қосқан үлесі орасан, – Жанар Зиманова.
Дәрісхананың ашылуы барысында ғалымның ғылыми мұрасы, дербес көзқарасы, құқықтық реформаларға қосқан үлесі және оның мемлекетшіл тұлға ретіндегі болмысы кеңінен талқыланды. Шараға онлайн форматта Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Салахиден Сәбикенов пен академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Майдан Сүлейменов қатысты. Олар Салық Зиманұлының ғылым мен мемлекетке сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оның құқықтық ойды дамытудағы, конституциялық реформаларды ғылыми негіздеудегі рөлін ерекше атады. Сондай-ақ, ғалымның мұрасы бүгінгі жас буын үшін үлкен мектеп екенін жеткізді.
Аудиторияның ашылуына орай ғалымның түпнұсқа суреті мен кітаптары университетке сыйға тартылды. Жиынға қатысушылар академиктің есімін университет қабырғасында жаңғырту – студенттер үшін үлгі әрі құқық саласындағы тарихи сабақтастықты сақтау жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
Жаңадан ашылған кабинет енді студенттердің, жас зерттеушілердің және оқытушылардың ғылыми жұмыстарын жүргізуге арналған символдық әрі мазмұндық орталық болмақ.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



