Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жылды қорытындылады
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде кеңейтілген ғылыми кеңес өтті. Оқу орнының басқарма төрағасы, ректор Нұрлан Дулатбеков жиылған жұртшылық пен ұжым алдында биылғы атқарылған жұмыс жөнінде есеп беріп, жылды қорытындылады. Ректор «Ұлттық» мәртебесін иеленген оқу орнының жетістіктеріне тоқталып, әлемдік рейтингте айқындаған беделін атап өтті. Сонымен қоса, университетке есімі берілген көрнекті ғалым Ебіней Бөкетовтің кең көлемде атап өтілген 100 жылдық мерейтойы оқу орнының биылғы айтулы оқиғасы ретінде есте қалғанын атады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласын ұлттық құндылық пен экономика драйвері ретінде қарастырып келеді. Өткен жылдарда университет бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көңіл бөлсе, биыл жаһандық білім және технологиялық кеңістікке интеграциялану жолында нақты нәтижеге қол жеткізіп отыр.
– Биылғы басты жетістік және университетіміздің жаңа дәуірінің бастауы – Президент Жарлығымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «Ұлттық университет» статусының берілуі. Бұл шешімді біз кездейсоқ сый емес, университеттің ұлттық ғылым мен білім жүйесіндегі көпжылғы еңбегінің заңды нәтижесі деп қабылдаймыз. Соңғы 5 жылдағы көрсеткіштерді талдасақ, ғалымдардың зерттеу әлеуеті мен түлектердің білім сапасы үздіксіз өсіп келеді. Президенттің бұл Жарлығы – сол тұрақты дамудың мемлекеттік деңгейде бағалануы болып отыр, – деді ректор Нұрлат Дулатбеков.
Аймақ университеттерінің ішінде алғашқы болып ерекше мәртебеге қол жеткізген Бөкетов университеті бұдан былай толыққанды академиялық және басқарушылық автономияға ие, қаржылық жағынан дербес, статусы арқылы отандық және халықаралық беделін нығайта алады. Айталық, биылдан бастап оқу орны өз ішінен PhD докторлық дәрежесін беру құқығына ие болды. Ректордың айтуынша, бұл – ғылыми кеңеске артылған зор сенім мен жоғары жауапкершілік әрі оң бедел. Қазірдің өзінде Павлодар, Семей, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент, Түркістан қалаларынан 20-дан астам докторант Бөкетов университетінде диссертация қорғауға өтініш білдірген екен.
Сонымен қоса, университет бүгінде 6 беделді жаһандық рейтингте өз орнын айқындаған. Мәселен, QS әлемдік рейтингісінде университет 901+ позициясын сақтап қалды. QS-2026 рейтингісіне Қазақстаннан қатысқан 20 университет ішінен Бөкетов университеті 8-ші орынға табан тіреп, еліміздің үздік жоғары оқу орындарының ондығына кірді. Ал QS Asia 2025 рейтингісінің қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 39 позицияға алға жылжып, Азияның 984 университеті арасынан 167-орыннан көрінді.
Университетті студенттерсіз елестету мүмкін емес. Сапалы кадр даярлау университеттің негізгі миссиясына айналып отыр. Қазіргі таңда университеттің зияткерлік әлеуеті 13 865 білім алушыны құрайды.
– Оқу орнының жаңа мәртебесіне сай, биыл біз оқуға қабылдаудың шекті балын 55-тен 65-ке дейін көтердік. Ашығын айту керек, бұл тәуекелге барған қадам еді. Біз сан қуалаудан сапалы іріктеуге көштік. Талаптың күшейгеніне қарамастан, ең үздік, ең білімді жастар Бөкетов университетін таңдады. Олардың арасында 564 «Алтын белгі» иегері және 10 Халықаралық және Республикалық пән олимпиадаларының жеңімпазы бар, – деді Нұрлан Дулатбеков.
Еуразия құрлығының түпкір-түпкірінен келген шетелдік студенттер де Бөкетов университетінде білім алуда. Олардың саны былтыр 114 болса, биыл 122 студентке толыққан.
Сонымен қоса, оңтүстік өңірлерден, Түркістан және Жамбыл облыстарынан осы оқу орнын таңдап келген жастар көп.
Жастар таңдайтын мамандық еңбек нарығында сұранысқа ие. Атап айтқанда, мемлекеттік грант иегерлері арасында «Шет тілдері», «Қазақ тілі мен әдебиеті» және университет брендіне айналған ғылыми бағыт – «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығына қызығушылық басым. Ал, ақылы бөлімде «Құқықтану», «Спорт», «Психология» және «Шет тілдері» мамандығы көп таңдалған.
Магистратура деңгейінде «Ақпараттық жүйелер» мен «Биология» саласына гранттардың көп бөлінуі – университеттің ғылыми әлеуетін айқындап отыр.
Әлемдік тәжірибеде зерттеу университеті – бұл ең алдымен ғылым қалыптастыратын магистранттар мен докторанттардың ордасы. Ал, оқу орнында олардың үлесі аз екенін мойындады ректор. Магистранттар мен докторанттардың үлесі жалпы контингенттің 7 пайызына да жетпейді.
– Ашық айту керек, ұлттық зерттеу университеті үшін бұл – өте төмен көрсеткіш. Біз әлі күнге дейін «кадрлар ұстаханасы» деңгейінде қалып, ғылыми потенциалды толық пайдаланбай отырмыз, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әлемдік озық оқу орындарымен тығыз байланыс маңызды. Қазіргі таңда Ресей (Томск политехникалық университеті) және Өзбекстан (Низами атындағы университет) жоғары оқу орындарымен 3 қос диплом бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Сонымен қатар, Түркия және Қырғызстан университеттерімен бірлескен бағдарламалар да бар.
Кеңейтілген кеңесте бұдан басқа университет студенттерінің контингентін қалыптастыру, жастармен қарым-қатынас, оқу бағдарламалары, академиялық қызмет, түлектерді жұмысқа орналастыру, цифрлық инфрақұрылым, жаһандық университеттермен байланыс, оқу орнының ғылыми әлеуеті, студенттер жатақханасының жайы, білім алушыларға қолдау көрсету, университеттің әлеуметтік инфрақұрылымы мәселелері егжей-тегжейлі баяндалды.
– Биыл – университет тарихында алтын әріппен жазылатын ерекше жыл болды. Біз университетіміздің тұңғыш ректоры, ғұлама ғалым, жазушы, академик Ебіней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойын атап өттік. Бұл шара университет қабырғасымен шектелген жоқ. Премьер-Министрінің арнайы тапсырмасына сәйкес, мерейтой мемлекеттік деңгейде ұлықталды. «100 жылдыққа – 100 іс-шара» тұжырымдамасын негізге алдық. Жыл бойы ғылыми симпозиумдар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар легі толастаған жоқ. Тіпті, Америка Құрама Штаттарында да Бөкетовке арналған ғылыми семинар өтті. Бұл ғалым есімін мәңгілік ету жолындағы нақты қадамдар саналады, – деп, ұлы істі абыроймен атқарған университет ұжымына алғысын айтты басқарма төрағасы.
Шара соңында үздік оқытушылар мен студенттер марапатталып, ректор Нұрлан Дулатбеков білім алушылардың сауалына жауап берді.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»



