«Қарағанды лагері – қара орамал»
Зұлмат жылдардың зобалаңы. Алаш жұртына төнген азап. XX ғасырдағы қасірет. Қанды қасап. Қабырғасына қан қатқан Қарағанды лагері. Ақтаңдақ ақиқат. Алаш жырының ардакүреңі атанған ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемі – ғасырдың қайғысы, адамзаттың аза жыры. Біздің бұл жолғы айтпағымыз сол поэма-реквиемі негізінде дайындалған қойылымды Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің студенттері сахнаға сәтті алып шықты.
Университеттің «Шаттық» әуесқой жастар театры сахналаған жаңа қойылымнан көрермен зобалаң жылдардың қасіретін көре алды. Әуесқой театр демесеңіз, сахнаға аласапыран қасіреттің төнгенін алып шығуын, жалындаған студент жастардың жанарынан сол кезеңге енгенін көрген көпшілік қошеметпен бағалады. Ақынның поэмадағы «Қарағанды лагері», «Карлаг қақпасы», «Мамочкина моласы», «Қызжылаған», «Генералдың қызы», «Тас пен ас», «Гармоншы» сынды әр бөлімін әсермен жеткізе білді. Мұнда қойылымның режиссері әрі жетекшісі ретінде С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Ахай Жұмамұратовтың кәсіби шеберлігін, қызу еңбегін айта кеткеніміз жөн.
– «Университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Нұрлан Орынбасарұлы «Қара орамал» поэмасын сахнаға алып шықсаң қайтеді» деп, ұсыныс білдірген еді. Тарихи дүниелерге өзімнің де қызығушылығым – жоғары. Содан поэманы қайтадан оқып шығып, мән-маңызына тереңдей түстім. Қойылымға қатысатын әр студентке де түсініп оқыңдар деп талап қойдым. Шығарманы бірге талқыладық. Содан соң күнделікті талдап, оқыған дүниелерімізге оқиға қоса бастадық. Одан кейін ҚарЛаг туралы деректер іздеп, соларға сүйеніп, сәйкестіріп құрастырып көрдік қойылым желісін. Спектакль барысында қазақ даласында ҚарЛагтың құрылуы және қазақтың аяғына тұсау салынуы сияқты көріністер орын алды, – дейді режиссер.
Режиссердің тағы бір шеберлігі, спектакльге сол дәуірде туған әуендерді пайдаланған. «Кісен ашқан», «Қоңыр» күйлері, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні сол заманның күбірін жеткізді.
Сәкен театрының көркемдік жетекшісі, бас режиссері Айдын Салбан қойылымның әсерлі шыққанын, студент актерлердің өздеріне бекітілген бейнелерді шынайы сомдағанын айтты.
– Көп жерде кәсіпқой театр, әуесқой театр деп бөліп қарастырып жатады. Жалпы, сахнада өмір көрсетіледі. Осы ретте өмірдің кәсіпқойы мен әуесқойы бола ма деген сұрақ туындайды. Бұл жерде де өмір жатыр. Демек, жастардың шығармашылық ұжымын театр деп атауға болады. Енді ғана тәй-тәй басайын деп тұрған жас театрға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Қойылым әсерлі болды. Өзіндік әдемі формасын тапқан. Әсіресе, студенттердің алпыс екі тамырын идіріп тұрып, жүйке талшықтарын шымырлатып тұрып жан дүниесімен рөлді сомдауы – үлкен қуаныш. Театр тілімен айтқанда, ешқандай фальш жоқ. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетері сөзсіз, жүрекке жетті. Театрларыңыз көп жасасын! – деп өнерлі өрендерге ризашылығын жеткізді.
Бұған дейін ректор Нұрлан Дулатбековтің мұрындық болуымен поэма әлемнің 16 тіліне аударылып, «Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» баспасының баспаханасында жарық көрген еді.
«Адамзаттың арда емген асылдары,
арығаны,
атылып,
асылғаны…
Қарағанды лагері – қара орамал
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы», – деп аяқталады әйгілі шығарма.
Рас, сол дәуірдің қанды қырғыны, қасірет-қайғысы ардакүрең ақынның қалам қасиетімен тағы бір тарихқа айналды. Бұл – опа мен жапа шеккендердің рухына жасалған ұлы тағзым. Ал поэманы спектакльге айналдыру – тарихи шығармаға көрсетілген үлкен құрмет.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
Ortalyq.kz