Қарағанды – Коньков: Біз барған Боковская
Еділ бойы – ежелден мемлекеттер мүдделері тоғысқан жер. Еуропа мен Азияның түйіскен тұсы. Ерте дәуірде қос құрлықты жалғаған керуен жолына қызыққан көсемдер осы өңір үшін тартысып өтті. Суы мол, шөбі шүйгін өңірге кім қызықпасын?! Алтын орда дәуірінде арналы өзенде су жолы саудасы өркендеді. Ал, Алтын орданың шаңырағы шайқалып, бірнеше хандыққа бөлінген тұста орыс княздері де еділге еміне қарады. Сөйтіп, осыдан бес-алты ғасыр бұрын еділ бойының орыс қолына өту процесі басталды. Бүгінде күмбезі күнмен шағылысқан Самара, Саратов, Тверь, Тольятти, Ярославль, Нижний Новгород, Кострома қалалары, Татардың Қазаны осы еділдің бойында орын тепкен.
(Жалғасы. Басы өткен санда).
МАМАЙ ҚОРҒАНЫ – ЕРЛІК МЕКЕНІ
Еділ – Еуропадағы ең ұзын өзен. 3530 шақырым. Көзі – Днепр бастау алатын Валдай қыратында. Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс басқыншылары жеңістің кілті осы Еділде жасырынғанын жақсы білді. Еділді алса, мұнайлы Каспий, Кавказ – қолсозым жер. Бұл өлке армияны керек-жарақпен қажетінше жабдықтай алар еді. Сондықтан, Сталин де қорғанысқа барын салды.
Қанды Сталинград шайқасы 1942 жылы шілдеде басталып, 1943 жылдың ақпанында аяқталды. Әртүрлі дерек көздері миллионнан астам адам қаза тапты деген мәлімет беруде. Қаланың әр бұрышы сол сұрапыл майданнан сыр шертеді. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер зираттарының қарасы қалың. «Волгоград – қабірлер қаласы» деген ой еріксіз санаңа оралады екен. Жас ғұмырлар жасындай ағып түскен қасиетті мекен.
Шаһардағы басты нысан – Мамай қорғаны. Тарихшылардың айтуынша, Еділ бойын алақанға салатын қыратта Алтын орда дәуірінде қарауыл нүктесі орналасыпты. «Түменбасы Мамайдың бұйрығымен тұрғызылған» деген болжам бар. Сондай-ақ, «Мамайдың өзі де осында жерленуі мүмкін» дейді әфсана.
Аңыздың жетегімен археологтар бірнеше қазба жұмыстарын да жүргізді. Дегенмен, Мамайдың қабірі, әзірге, табылған жоқ. Есесіне, қазір қорғанның өзінде қаланы қорғаған 35 мыңға жуық жауынгердің денесі жатыр.
Сталинград шайқасы, зұлмат қырғын Мамай қорғанындағы ескерткіштер ансамблінде көрініс тапқан. Басты нысан – «Отан ана» монументі. Семсерін көкке соза ұстаған әйел мүсіні. Биіктігі – 85 метр. Қарағандыдағы Тутұғырдан 6 метрге, елордадағы «Бәйтеректен» 12 метр ғана аласа. Әйтсе де, жотаның үстінде тұрғандықтан болар, еңселі көрінеді. Қаланың кез келген бұрышынан менмұндалап тұрады. Бүгінде монументте жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ескерткішті тұрғызу технологиясы таңдай қақтырады. Құрылыс жетекшілерінің бірі – Мәскеудегі «Останкино» мұнарасының авторы Никитин.
Монумент 5,5 мың тонна бетон мен 2,4 мың тонна темірден тұрғызылған. Уақыт өте жарық пайда болмауы үшін бетонды ыстық күйінде аяғынан – қолының ұшына дейін үздіксіз құйып шыққан. Бетон қалыңдығы – 25-30 сантиметр.
Ескерткіш биіктігі екі метрлік тақтаның үстінде тұр. Шахмат фигурасы сынды бос, бірде-бір шегемен бекітілмеген.
Семсердің ұзындығы – 30 метр. 14 тонна фторланған болаттан құйылған. Жел қарқынын азайту үшін семсердің ұшынан тесіктер ойылған.
Ескерткіш 1967 жылы 15 қазанда ашылыпты. Ашылу салтанатына КОКП ОК Бас хатшысы Л.Брежнев, Кеңес Одағының маршалдары – А.Еременко мен В.Чуйков қатысқан екен.
«Отан ана» 2008 жылы «Ресейдің жеті ғажайыбының» қатарына енді. Ал, 2014 жылдан бері ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне ену үміткерлігінде тұр.
Қорған етегінен ұшар басына дейін 200 баспалдақ апарады. Бұл – Сталинград шайқасы созылған күн саны. Осы баспалдақ бойында 34505 сарбаздың денесі жатыр. «Жауынгерлік даңқ залында» барлық солдаттардың есімі қабырғаға жазылған.
Баспалдақ арқылы жүріп отырып, «Қиранды қабырғаларды», «Батырлар алаңын», «Қайғы алаңын», тағы басқа ансамбль нысандарын көруге болады.
Сталинград шайқасына қатысқан Кеңес Одағының Батырларының гранит тақталары баспалдақты жағалай орналасқан. Нұркен Әбдіровке қойылған белгі сол тақталар көшін бастап тұр екен. Батыр тақтасына барып, гүл шоғын қойып, тізе бүктік.
БАТЫРДЫҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ
Еділшаһардан сейсенбі күні түске таман қозғалдық. Бағытымыз – Ростов облысы Боковская станицасы. Діттеген жерімізге жетуге 275 шақырым қалды. Арқа жұртының аманатын арқалап шыққан біз Батырдың мәңгілік мекеніне жетуге асықпыз…
Тағы сол тақтайдай тегіс асфальт жетелеп келеді. Темір тұлпарларымыз жол апшысын қуыра алға ұмтылады.
Жергілікті жұрттың ауыл шаруашылығын мықтап қолға алғаны көрініп тұр. Түгін тартса, майы шығатын топырақтың әр метрін есеппен пайдаланып отырғандай. Жолдың екі жағы жайқалған астық, жапырағы көгерген көкөніс. Әр тұстан диқандар құрған қостар қарауытады. Шаруашылық техникалары да алқаптарға шығып үлгеріпті. Ертерек пісетін дақылдарды жинап жүр. Не керек, «біздерден қалған Еділ жұрт қайырлы болған» түрі бар.
Еділден шыққан аттанған топ түс ауа Донды кесіп өттік. Шолоховтың «Тынық Доны». Өзеннің қос жағалауында казактар станицалары жайғасқан. Еуропаның арналы өзендерінің бірі миллиондаған халықты асырап отыр.
Станица әкімшілігін табу қиын болған жоқ. Елдімекен басшысы Максим Обнизов құшағын жая қарсы алды. Үш мың шақырымнан арнайы келген бізден ат-көлік амандығын сұрап жатыр.
Боковский ауданында 15 мыңнан астам адам тұрады. Ал, аудан орталығы Боковскаяда сол халықтың жартысы мекен етеді. Басты күнкөрісі – ауыл шаруашылығы. Сонау патша заманында Донға қоныс аударған казактардың ұрпағы бүгінде егіншілікті мықтап меңгеріпті.
Шамалы әңгімеден кейін Максим Михайлович бізді Нұркен жатқан Коньков хуторына қарай бастап жүрді. Аудан орталығынан жарты шақырым жерде жатқан шағын ғана ауыл екен. Ауылдың бір шетінде «Бауырластар зираты» орналасқан.
Ауылды айналып, төбені аса бергенде қарсы төбе етегінен қорым қарая көрінді. Арқаның ақиық қыраны құлаған нүкте. Атағы дүниеге жайылған Батырды қара жер құшағына алып, тым-тырыс жатыр.
Максим Михайлович айтқандай, бүгінде қорым басында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Арнайы қойылған тақтаны реставрацияға жіберіпті. Алдағы аптада бұрынғы орнына қайта орнатылмақ.
Батырдың зиратын біраз іздеуге тура келді. Себебі, Нұркеннің аты-жөні ешбір тақтаға жазылмапты. Қарағандыдағы Әукен Әбдіровпен телефонмен байланысқанда «қорым белгісіне жақын, төбесінде жұлдызшасы бар зират» деп еді. Сол нұсқаумен қорым белгісінің іргесіндегі атаусыз қоршауды «Нұркеннің жатқан жері болар» деп шамаладық. Ұшар басында жұлдызшасы бар темір сүйір үшбұрыш қойылыпты. Максим Обнизов та «Нұркеннің моласы осы болса керек» деген пікір қосты. Зираттың тақтасы қолды болған сыңайлы. Маңайын шарлап, таппадық. Елдімекен басшысы алдағы уақытта хутор тұрғындарымен сөйлесіп, анықтауға уәде берді.
Сағадат ағам Батырдың зиратына Бағжан анамыздың қабірінен алынған бір уыс топырақты салды. Бұл жерден алынған бір уыс анамыздың зиратына жеткізілмек.
Боковская жұрты қазақ батырын ерекше қадір тұтатыны көрініп тұр. Станица іргесіндегі «Даңқ» мемориалында елдімекенге қатысы бар Кеңес Одағы Батырларының мүсіндері қойылыпты. Тимофей Позолотин, Александр Соловьев, Николай Сергеев, Борис Терентьев, Яков Теличенкодан кейін біздің Нұркен қасқайып тұр. Мемориал жергілікті жұрттың сүйікті орнына айналған. Бүгінде барлық іс-шаралар осы жерде өтеді екен.
Біз Еділшаһарға бет алғанда жол бойындағы бағанның үстінен көтеріле берген дала бүркітін көзім шалды. «Бәлкім, бұл Нұркен рухы болар» деген ой келді маған. «Енді қашан келеріміз, тек, Аллаға ғана аян. Өзің жырақта жатқаныңмен, абырой-қыраның қазақ көгінде мәңгі қалықтары анық», – дедім ішімнен…
(Соңы келесі санда).
Суретті түсірген автор.
ВОЛГОГРАД – БОКОВСКАЯ – ВОЛГОГРАД.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.