АймақЖаңалықтар

Қарағанды әкімі аязда қататын су құбырына байланысты коммуналдық ескерту жасады

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов Instagram желісіндегі жеке парақшасында коммуналдық қиындықтардың алдын алу мақсатында жазба жариялап, аяз кезінде салқын су кранын сәл ашық қалдыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл тәсіл құбырлардағы судың айналымын сақтауға көмектеседі.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Әкім әлеуметтік нысандардың басшылары мен жеке сектор тұрғындарына су желілеріндегі циркуляциялық режимді бұзбауға шақырды.
Қала басшысының сөзіне сүйенсек, су құбыры мен кәріз құбырларының қатып қалу қаупі бар. Көпқабатты тұрғын үйлерде бұл жағдай сирек кездеседі, себебі онда тұрғындар көп әрі су үнемі пайдаланылады. Ал жеке үйлерде, балабақшаларда және түнгі уақытта жұмыс істемейтін нысандарда жағдай басқаша.

– Өз тәжірибемнен және коммуналдық сала маманы ретінде айтарым: аязда су құбыры қатып қалмас үшін салқын су кранын сәл ашық қалдыру керек. Иә, суға төлем сәл көбірек болуы мүмкін, бірақ кейін жүйені қалпына келтіруден әлдеқайда тиімді әрі арзан. Қазір барлық жерде пластик құбырлар орнатылған, сондықтан ескі тәсілмен жылыту мүмкін емес. Төтенше жағдайға жеткізбеңіздер, мұның алдын алуға болады, – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button