Қарағанды кәсіпкерлері үстеме баға үшін жауапқа тартылды
Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бақылау жұмыстары жүргізілуде. Негізгі міндет – тауарлардың негізсіз қымбаттауына жол бермеу. Жыл басынан бері облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 147 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың ішінде 137 кәсіпкер рұқсат етілген үстеме бағаны асыра пайдаланса, 10 кәсіпкерде тауардың нақты бағасы бағалық жапсырмадағы көрсеткішке сәйкес келмеген. Нәтижесінде 112 бизнес субъектісіне жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Ең көп заңбұзушылық қант, күріш, қарақұмық, ұн, макарон және тұз саудасында тіркелген, ал көкөніс, сүт өнімдері мен ет саудасында бұл жағдай сирек кездеседі.
Аймақтар бойынша ең көп жағдай Қарағанды қаласында – 68, Саранда – 18, Теміртауда – 12, Балқашта – 9, Приозёрскіде – 3.

Бағаның негізсіз өсуін болдырмау үшін облыста делдалдық схемаларды зерттейтін арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына сауда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеу департаменттері, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді.
Комиссия ірі сауда желілерінің шот-фактураларын тексеріп, тауардың өндірушіден дүкен сөресіне дейінгі қозғалысын бақылайды. Бұл тәсіл артық делдалдықты жояды және негізсіз үстеме бағалардың пайда болуына жол бермейді. Нәтижесінде бес ірі сауда желісі мен 25 көтерме жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



