Қарағанды көш басында
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы биылғы индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштерін жариялады. Деректер негізінде өңірлердің индустриялық-инновациялық дамуының алғашқы жиынтық индексі дайындалды. Қарағанды облысы барлық көрсеткіштер бойынша көш бастап тұр. Аймақтағы технологиялық күрделілігі орташа экспорттағы жоғары үлес (73,8%) және жалпы қосылған құнмен қатар өңдеу өнімділігінің тұрақты өсуі негізге алынды.

Аймақтар арасында Қарағанды облысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі шығарылды. Атап өткендей, кеншілер аймағы технологиялық күрделілігіне қарамастан, орташа экспорттың жоғары үлесімен ерекшеленді. Индекс тек өндіруге немесе қарапайым көлемге ғана емес, инвестицияларға, технологиялық экспортқа және өнім шығаруды арттыруға негізделген.
Деректерге сүйенсек, облыста жыл басынан бері 2 трлн теңгеге өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Өңдеу секторында тұрақты өсу байқалады. Экономиканы дамыту және инвестициялар тарту жалғасып жатыр.
Биыл негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 327 млрд теңгеге дейін өсті. 2031 жылға дейін 4,3 трлн теңгеге 108 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарланған. Бұл 11 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, облыста шағын және орта бизнесте бүгінде 100 мыңға жуық субъект жұмыс істейді, 245 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұдан басқа, «Qarmet» 2030 жылға дейін 1,6 трлн теңгеге жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. Тек биыл ғана инвестиция 294,7 млрд теңгені құраған.
Алдағы уақытта облыста металл бұйымдарын ыстық мырыштау, болат тік тігісті құбырлар, алюминий радиаторлар өндіру зауыттары пайда болады. Ірі жобалардың қатарында Осакаров ауданындағы жел электр стансасы, «Сарыарқа» АЭА-да ферросилиций шығаратын кешен бар.
Айта кету керек, Ұлттық статистика бюросы аймақтарға қатысты деректерді ресми мәліметтер негізінде есептеген. Аталған ведомство 2025 жылдың қаңтар-маусым айларына арналған «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму көрсеткіштері» жинағын жариялаған.

Индекс жалпы еңбек өнімділігінің өсімін, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің экспорттағы орташа және жоғары үлесін, технологиялық күрделі тауарлар экспортының үлесін сараптайды. Барлық деректер min-мах нормализация арқылы бірыңғай шкалаға келтірілгендіктен, көрсеткіштердің салмағы негізгі компоненттер әдісімен есептеледі. Ол аймақтар арасындағы айырмашылықтарды да көрсетеді.
Индекс осындай бірнеше көрсеткіштер арқылы құрылады. Шикізатты емес, күрделі өнімдерді экспорттауда және өнімділікті арттыруда индекс нәтиже береді. Бір жағынан «қазу және сату» үлгісінде қалмай, ертеңгі өнеркәсіптік экономикаға қалай көшуге болатын жарқын мысал.
Бұл орайда аутсайдерлер, яғни, озық технологияларды игерген шағын және орташа кәсіпорындар инновациялық жолда олжа оңай игерілмейтінін еске салуы мүмкін. Бұл жерде құрылымдық инвестициялар, қосылған құн экспорты және аймақтық саясатты қайта қарастырусыз индекс шығару оңай емес екенін де ескерген абзал.
Биыл жиынтық индекс бойынша «топ-5» аймақ қатарында жоғары технологиялық өнім экспортымен Астана қаласы үздіктер қатарынан көрінді. Инвестициялардың күшті серпіні бойынша Қызылорда облысы, күрделі тауарлар экспортының салыстырмалы түрде жоғары үлесімен Түркістан облысы танылып отыр. Ал, Маңғыстау облысы жоғары технологиялық тауарлардың қарапайым экспортына қарамастан инвестициялар мен өнімділіктің өсуіне сүйенген.
– Индекстегі алдыңғы қатарлы өңірлер – бұл өсімді тек шикізат өндірумен емес, инвестициялар тарту, технологиялық экспорт көлемін арттыру және еңбек өнімділігін көтеру арқылы қамтамасыз етіп отырған аймақтар. Бұл индекс индустрияландырудың сан емес, сапа жағынан бағалануы қажет екенін көрсетеді. Көшбасшы өңірлер саналы өсімді қамтамасыз етіп отыр – олар тек қазба байлыққа иек артпай, технологияларға қаржы салып, күрделі өнімдер шығарып, өндіріс тиімділігін арттыруда. Мұндай тәсіл – ертеңгі өнеркәсіптік экономикаға бастар жолдың нақты үлгісі, – дейді зерттеу авторлары.
Индекс тек индустрияландыру жетістіктерін бағалап қана қоймай, елімізде жүргізіліп жатқан инновациялық мемлекеттік саясаттың тиімділігін саралауға мүмкіндік береді.
Tengenomika аналитикалық каналы мамандарының мәлімдеуінше, жалпы қосымша құнның әрбір өсімін индустрияландыру деп атауды тоқтатқан жөн. Десек те, нақты шешімдердің нәтижесі болып табылатын нағыз индустриялық экономиканы құруды бастайтын кез келді.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»