Руханият

Қарағанды көмірі сән әлемінде

Көмірден де өнер туындысын жасауға болады. Қарағандылық дизайнер Ольга Целлер Қарағандының символына айналған қара алтыннан зергерлік бұйымдар жасайды. Көмірден жасалған бұйымдары халықаралық сарапшылардың тарапынан жоғары бағаланған.

Сурет зергердің мұрағатынан

Ольга Целлердің негізгі мамандығы – экономист. Зергерлік өнермен 2013 жылдан бері айналысады. 2019 жылдан зергерлік бұйымдарды жасауға көмірді пайдалана бастаған. «Бұл – шығармашылығымды айшықтап тұрады», – деді зергер.

– Алғашқы бұйымдарым өте нәзік, тағуға жарамайтын, тез сынып кететін. Оның үстіне, киімге жағылып, былғайтын. Кейін тәжірибе арқылы тұрақтандыру тәсілін меңгердім. Қазір әшекейлерім қауіпсіз әрі берік. Бұл материалмен жұмыс істеу оңай емес. Сынғыш көмірді тұрақтандыруға екі аптаға дейін уақыт кетеді. Арнайы шайыр арқылы өңделген қара тас берік болып, қолға да, киімге де зиян келтірмейді. Көмірдің әр түрін сынап көрдім. Ең сапалысы – антрацит. Негізі түрлі материалдармен тәжірибе жасағанды ұнатамын. Ағаш, тері, тіпті, эпоксидті шайырды да қолданамын. Көмірдің ішінде антрацит – ең берік түрі. Дегенмен, оны табу қиын. Қазір көмір тасушылардың бәрі мені танып алған. Үйіме көмір алсам міндетті түрде 1 шелек ерекше түрлерін жинап әкеліп береді, – деді зергер.

Ольганың шығармашылығы талай адамға шабыт беріп жүр. Солардың бірі – Наталия Старостина. Ол әуелі дизайнердің әлеуметтік желідегі жұмыстарын бақылап, кейін әшекей сатып алған. Ал, уақыт өте келе, қызығушылығы артып, шеберлік сабағына қатысқан. Бүгінде өзі де түрлі бұйымдар жасайды.

– Ольга – өте батыл жан. Оның жұмыстары маған ерекше әсер етті. Бұл әшекейлерді тағып көргеннен кейін, бұл саланы өзім де байқап көргім келді. Қазір өз бұйымдарымды жасап, сата бастадым. Гүлді бұйымдар жасағанды ұнатамын, – деді Наталия Старостина.

Ольганың еңбегі бірнеше отандық байқауда жоғары бағаланып, түрлі көрмелер мен арт-жәрмеңкелерге ұсынылды. Былтыр қыркүйек айында оның бренді Милан сән апталығында таныстырылды. Дизайнер көрсетілімге кәсіби модельдерді емес, өз құрбыларын ертіп баруды жөн көрген. Осылайша подиумда әртүрлі жастағы, әр салада еңбек ететін 14 әйел өнер көрсетті.

Алдағы уақытта дизайнер әшекейлер қатарын кеңейтіп, қазақстандық дизайнды халықаралық деңгейде насихаттауды көздеп отыр.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button