Қарағанды ісмерлері мектеп формасын тігеді
Қарағанды облысында мектеп формасын тігетін пилоттық жоба басталды. Бастамаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болып, жергілікті жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мен білім беру ұйымдары арасында тікелей байланыс орнатылды. Жобаның басты мақсаты – оқушыларды сапалы әрі қолжетімді мектеп формасымен қамту арқылы ішкі нарықты дамыту және импортқа тәуелділікті азайту.

Пилоттық жоба облыс аумағындағы бірқатар мектептерді қамтиды. Оның аясында ата-аналарға отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылып, форма үлгілері алдын ала таныстырылады. Барлық өнім мемлекеттік стандарт талаптарына сай тігіліп, әр кәсіпорында сапа бақылауынан өтеді. Өндірушілер ата- аналар комитеттерімен келіссөз жүргізіп, модель, түс және мата сапасына қатысты ортақ шешім қабылдай алады.
Қазіргі таңда мектеп формасы нарығында импорттық өнім басым. Кей кезеңдерде бұл көрсеткіш жүз пайызға дейін жеткені айтылады. Сондықтан, алдағы бес жыл ішінде ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамту стратегиялық міндет ретінде белгіленіп отыр. Бұл – экономиканы әртараптандыру саясатының нақты көрінісі.
Жобаның экономикалық тиімділігі бірнеше бағытта байқалуы ықтимал. Біріншіден, импорт көлемі қысқарып, ішкі өндірістің үлесі артады. Екіншіден, облыстағы тігін фабрикалары мен шағын цехтар тұрақты тапсырыс иеленеді. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық нығаяды. Сонымен қатар, өндіріс көлемінің ұлғаюы бюджетке түсетін салық түсімдерінің өсуіне әсер етуі мүмкін.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, бірыңғай мектеп формасы оқушылар арасындағы теңдік қағидатын күшейтеді. Біркелкі киім әлеуметтік айырмашылықты азайтып, психологиялық жайлылық қалыптастыруға ықпал етеді. Ата-аналар үшін де баға мен сапаның үйлесімді болуы маңызды. Жауапты тараптардың айтуынша, өнім құны қолжетімді деңгейде сақталып, сапаға ерекше назар аударылады.
– Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы шешім ішкі нарықты қазақстандық тауарлармен толықтыру қажеттілігіне байланысты қабылданды. Бүгінде мектеп формасының 100 пайызы – импорт. Алдағы бес жыл ішінде бұл көрсеткішті толықтай отандық өндіріс арқылы алмастыру көзделуде. Қазіргі кезеңде жобаға нақты қанша кәсіпорын қатысатыны туралы мәлімет жоқ. Дегенмен, негізгі міндет – өңірдегі бос тұрған өндірістік қуаттарды іске қосу. Жоба сәтті жүзеге асса, өндірісті кеңейту мәселесі қарастырылады, – деді «ЕСКО» ЖШС директоры, өңірлік кеңес мүшесі, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы жеңіл өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Андрей Шмарин.
Аталған бастама өңірлік деңгеймен шектелмейді. Ол елімізде жүргізіліп жатқан импортты алмастыру және отандық өндірушіні қолдау саясатының бір бөлігі саналады. Егер пилоттық жоба оң нәтиже берсе, тәжірибе республикаға таратылуы мүмкін. Мұндай жағдайда мектеп формасына қатысты бірыңғай ұлттық стандарт қалыптастыру және жеңіл өнеркәсіпке қосымша қолдау тетіктерін енгізу мәселесі де күн тәртібіне шығуы ықтимал.
Әр пилоттық жоба секілді бұл бастаманың да тәуекелдері бар. Өндіріс көлемінің жеткілікті болуы, бағаның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі, материал сапасының тұрақтылығы және ата-аналардың сенімі – жобаның табысты жүзеге асуына тікелей әсер ететін факторлар. Сондықтан, ашықтықты қамтамасыз ету, қоғамдық бақылау мен кері байланыс тетіктерін тиімді ұйымдастыру маңызды.
– Жоба аясында ата-аналар мен мектептердің таңдау еркіндігі сақталады. Жеткізушілер мен тапсырыс берушілердің кездесуі үшін арнайы шоурумдар ұйымдастырылып, өндіріс нақты сұранысқа сәйкес жүргізіледі. Отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне кедергі келтіретін негізгі мәселе – кедендік баж салығын, салықтарды төлемейтін әрі әкелінетін өнімді сертификаттаудан өткізбейтін жосықсыз импорттаушылар. Бұл ішкі нарықтағы әділ бәсекеге кері әсер етеді. Пилоттық жобаның тиімділігі жобаға қосылуға ниет білдірген мектептер санының артуымен бағаланады. Бұл баға мен сапаның тұтынушылар талабына сай екенін көрсетеді. Көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылар үшін жеңілдіктер қарастыру міндетті түрде жүзеге асырылады, – деді Андрей Шмарин.
Қарағанды облысында басталған мектеп формасын отандық өндірістің тігуі – экономикалық және әлеуметтік маңызы зор бастама.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


