Бас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтар

Қарағанды өңірінде су шаруашылығы мамандарын даярлау басталды

Қарағанды өңірі – еліміздің өндірістік жүрегі болса, сол өндіріске жан кіргізіп, бойына қан жүгіртетіні – жұмысшы мамандар екені белгілі. Елдің дамуы мен экономикалық қуаты жұмысшы мамандардың қажыр-қайратымен өлшенеді. Өйткені, өндірістің негізгі күші – солардың еңбегінде жатыр. Биылғы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында мұндай кәсіп иелерінің еңбегі еленіп, беделі, тіптен, арта түсті. Қалыптасып қалған ескі қағиданың сеңі бұзылып, жастар да саналы түрде жұмысшы мамандықтарды таңдай бастады. Себеп біреу-ақ – еңбек нарығында еш ұтылмайтынын, жұмыссыз қалмайтынын түйсінгендіктен.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласында жұмысшы мамандарды даярлау ісі жетілдірілуде. Мәселен, колледждерде кәсіпорындармен арадағы байланыс одан әрі нығайды, ынтымақтастық күшейді. Сондай-ақ, студенттер еңбек нарығының сұранысы-
на сай келетін мамандықтарды меңгеруі үшін оқу орындарында жаңа бағыттар мен мамандықтар ашу көзделді. Кәсіптік білім беруде, әсіресе, техникалық мамандықтарға гранттар жыл сайын көптеп
бөлінетінін, студенттер шәкіртақысының артқанын да айта кету керек. Өңірде биылғы бөлінген гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға тиесілі. Жаңа оқу жылында колледждерге 9 мыңнан аса білім алушы қабылданған. Жұмысшы мамандарды даярлауда тәжірибеге негізделген білімнің маңызы зор. Соған сәйкес оқу орны мамандар дайындауда өндіріс орындарының талап-тілегін ескереді. Бұл тұрғыда дуальды оқыту жүйесін айтып өткен орынды. Дуальды оқытуға аймақтағы 38 колледж бен 300 кәсіпорын қатысады. Оған 7 мыңдай студент қамтылған.
Білім басқармасының дерегінше, мақсатты даярлау 1,5 мың студентті қамтитын 18 колледжде жүргізіледі. Кәсіпорындар өздеріне қажет мамандарды даярлау үшін оқу орындарына тікелей тапсырыс береді. Негізгі серіктестер қатарында «Qaz Techna», «Qarmet» және «Қазақстан Теміржолы» бар. Кәсіпорындармен 100-ден астам меморандум және 124 келісімшартқа қол қойылған. Яғни, кәсіпорындар колледждерді жабдықтау, өндіріс орындарында педагогтерді тәжірибеден өткізу, кәсіби шеберлік байқауларды ұйымдастыруға жәрдемдеседі. 

Биыл атаулы жыл аясында аймақтағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының білім беру мазмұнына айтарлықтай өзгерістер енгізілуде. Жыл басында елімізде Кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданған болатын. Құжатқа
сай өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып, жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы құрылды. Одан бөлек, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандар дайындау көзделіп, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқығын қорғау және мәртебесін көтеру мәселелері қамтылды. Сонымен қоса, оқушылардың жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында кәсіпорындармен бірлесіп, мектептерде бейіндік сыныптар ашылуда.
Белгіленген бағдарламаға сай Қарағанды облысының кәсіби білім беру орталықтары халықаралық стандарттарға сәйкес білім беруге көшті.

– Қазіргі кезде 5 колледж халықаралық аккредитация алды. Олар – Қарағанды жоғары поли- техникалық колледжі, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі, Шахтинск технологи-ялық колледжі және Қарағанды банк колледжі. Сонымен қатар, Қытай, Германия, Түркия, Финляндия және басқа да елдердің білім беру ұйымдарымен тәжірибе алмасу басталды, – деді білім
басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.

Теміртау жоғары политехникалық колледжі базасында гидротехникалық құрылыс және мелиорация бойынша компетенциялар орталығы ашылды. Орталық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, заманауи оқу-өндірістік база болмақ. Сонымен қатар, аталмыш колледжде электромобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша оқу орталығын ашу жоспарда бар. Орталық халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Өндірістік өңір экономикасы үшін маңызды энергетика, көлік, байланыс, ІТ, металлургия, машина жасау, құрылыс салалары бойынша жұмысшы мамандарды дайындауда Теміртау жоғары политехникалық колледжінің орны айрықша. Оқу орнында жаңа бағдарлама ретінде су шаруашылығы мамандарын дайындау қолға алынбақ. Су тапшылығы – бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып келеді. Осыған сай аталған колледж Қарағанды өңірінде су шаруашылығы мамандарын даярлайтын тұңғыш оқу орны ретінде рөлі орнықпақ.

– Колледжде жаңа оқу жылында Су шаруашылығы орталығы ашылды. Бүгінгі күні суды ұтымды пайдалану – маңызды мәселе. Осы орайда аталған орталық гидротехникалық құрылыс және инновацияларды дамыту бағытындағы маңызды қадам болып отыр. Негізгі мақсаты – су қауіпсіздігі мен ресурстарды үнемдеу мәселелерінің шешімін таба алатын мамандарды даярлау. Сондай-ақ, бұл орталық су тапшылығының алдын алуда жаңашылдық енгізудің және білім, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара іс-қимыл алаңы болмақ. Су тұтыну деңгейі жоғары индустриалды аймақ үшін мұның ерекше маңызы бар, – деді колледж директоры Салтанат Ақбергенова.

Бүгінгі таңда колледж Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен әріптестік орнатқан. «Бакалавриат» бағдарламасы бойынша студент- терді оқытуда білім беру мазмұны құрылып, оқу модульдері мен кредиттерді бекіту мәселелері шешілуде. Мұндай іс кәсіптік және техникалық білім беретін колледждердің сұранысқа ие жаңа мамандар даярлаудағы маңызын  арттыра түспек.
Ал келесі жылы дәл осындай қоғам үшін өзекті мамандық Балқаш технологиялар және сервис колледжінде ашылмақ. Колледж базасында туризм саласы мамандарын даярлауға арналған қонақ үй кешені форматындағы заманауи оқу зертханасын ашу жоспарда бар.
Ғылым мен өндіріс, білім мен тәжірибе үйлесім тапқан Қарағанды жоғары политехникалық колледжі – өндіріске ең қажет мамандарды даярлайтын өңірдегі беделді оқу орындарының бірі. Бүгінде 20 мамандық, 40 біліктілік бойынша студенттерді оқытады. Кейінгі кездері еңбек нарығында сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашылып, білім беру бағдарламалары жаңартылған. Олардың қатарында «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Графикалық және мультимедиялық дизайн», «Сандық техника» және «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану қолданбалы бакалавры» секілді мамандықтар бар. Дуальды оқыту жүйесі бойынша «Qarmet», «Borusan Makina Kazakhstan», «Қарағанды Жарық», «№3 Автобус паркі», «QazTehna», «220 VOLT», «KEGOC», «Қарағанды Энергоорталығы» секілді ірі өндіріс орындарымен ынтымақтастық орнаған. Бұл болашақ маманның кәсіби дайындығын күшейтіп, еңбек нарығына жылдам бейімделуіне септігін тигізеді.
Оқу орны қашан да жаңашыл дыққа ие. Колледж жанынан Студенттік конструкторлық бюро (СКБ) қызметінің құрылғанына көп болса да, жыл сайын аймақтың жұмысшы мамандарын даярлаудың стратегиялық құралы ретінде жұмыс істеп келеді. Соның арқасында студенттер заманауи, инновациялық технологиялар енгізілген, кәсіпорындармен тәжірибеге бағытталған білім алуда.

– Студенттік конструкторлық бюро шеңберінде жүзеге асырылған жобалар өңірдің өндірістік саласына қажетті білікті кадрларды даярлауға ықпал етеді. Бюро қызметі тек білім беру саласында ғана емес, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызын айқындайды. Бүгінде маңызды тәжірибелік және өндірістік алаңға айналған бюро қызметінде әртүрлі бағыттағы 70-тен астам оқу стендтері мен макеттері жасалды. Олар оқу үдерісінде кеңінен қолданылуда. 2025 жылдың көктемінде Студенттік конструкторлық бюро колледждің Бизнес мектебі және студенттерімен бірлесіп, «ENACTUS
KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2025» аясында өздерінің бірқатар жобаларын ұсынып, маңызды жобаны іске асыруға белсенді қатысты. Бұл шараға қатысу – студенттердің кәсіби дайындығының жоғары деңгейін, олардың бәсекеге қабілетті инновациялық өнімдер жасап, оны республикалық және халықаралық алаңдарда таныстыра алатындығын көрсетті, – деді Қарағанды жоғары политехникалық колледжі директорының ғылым және оқу әдістемелік жөніндегі орынбасары Айнұр Түсіпова.

Оның айтуынша, политехникалық колледж – бұл тек білім ордасы ғана емес, кәсіп пен ғылым тоғысқан шығармашылық алаң, онда болашақ мамандар, ел игілігіне қызмет ететін сапалы кадрлар қалыптасып келеді. Ал Қарағанды құрылыс-техникалық колледжінде оқитын жұмысшы жастардың саны артқан. Колледж басшысы Әсел Сапарованың айтуынша, жастар жұмысшы мамандықтарды саналы түрде таңдап отыр. Биылғы атаулы жыл аясында жұмысшы мамандардың сыйы артты, еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілді. Дегенмен, бұл бір жылмен ғана шектелетін дүние емес. Өйткені, еңбек қашан да елеулі болуы тиіс. Сол себепті, «Жұмысшы мамандықтарының жылы» сол дәстүрдің алғышарты деп қабылданбақ. Қарағанды металлургия зауытының цех шебері Шыңғыс Асанов қол астында 70-тен аса жұмыскерді басқаратын тәжірибелі жас маман. «Еңбек адамы» атанған. Ол «Қолы жұмыс істейтіндер жерде қалмайды» дейді.

– Жұмысшылардың қолымен өндірістер алға жылжиды, олар техникалардың тілін тауып, ауыр өнеркәсіпті алға сүйрейді. Қазақстанда өнеркәсіп жылдан-жылға өсіп келеді. Қазіргі өндіріс зауытында өсім 6,5 пайызға артты. Жастардың арасында жұмысшылар туралы қалыптасып қалған ескі ұғым бар. Мен соны жоққа шығарғым келеді. Өндіріс – ел экономикасының іргетасы болғандықтан сұранысқа ие. Ондағы жалақы да жоғары. 300 мыңнан 700 мыңға дейін. Өндіріс орындарында жыл сайынғы демалыс беріледі, әлеуметтік пакет толық қамтылған. Қазіргі жастарға айтарым, кез келген адам мамандығын жақсы көріп, жүрекпен істеуі керек. Сол кезде әр іс өз сырын ашады, – дейді ол.

Индустриалды аймақ ретінде Қарағанды өңірінде жұмысшы мамандардың алатын орны орасан. Бүгінде маман даярлау ісінен бастап, жұмысшылардың құқығын қорғау, мәртебесін арттыруда барлық жағдай жасау жолға қойылды. Бұл өңір үшін жұмысшы мамандардың маңызын айқындайды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button