Қарағанды индустриалдық университетінде Жасанды интеллект кафедрасы жұмыс істейді
Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауы жұмысымызға бағыт сілтеп, болашағымызға бағдар береді. Осы бүгінгі Жолдауында мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық серпілістер, цифрлық трансформация, өнеркәсіптің дамуы мен жастарды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жасанды интеллект министрлігін құру, суперкомпьютерді іске қосу, Цифрлық Кодексті қабылдауды жылдамдату, жасанды интеллектіні мемлекеттік және қаржылық құрылымдарға енгізу – шын мәнінде, жаңа экономиканы қалыптастыру қадамы. Бұл орайда біздің Қарағанды индустриалдық университеті қазірдің өзінде осы бағыттар бойынша іс-қимыл жасауда.
Бізде Жасанды интеллект кафедрасы жұмыс істеп, цифрлық инженерлік білім дамып, аймақ кәсіпорындарымен қолданбалы жобалар жүргізілуде.
Сондай-ақ Президент экономиканың нақты секторы мен өндірістік саланы күшейтіп, одан әрі өркендетуді де атап өтті. Мұның өзі біздікі сияқты техникалық жоғары оқу орындары үшін өте маңызды. Біз жастарымыздың өндіріске, ғылымға, инженерлік мамандықтарға бару ынтасын қолдаймыз. Бұл білім беру жүйесі үшін мамандардың практикалық даярлығы мен өнеркәсіппен байланысты арттыруға міндеттейді.
Жолдау экология мен су ресурстарынан бастап құрылыс пен көлік инновациясына дейінгі ауқымды мәселелерді қамтиды. Мұның өзі жаңа тұрпаттағы мамандарды әзірлеуді қажет етеді.
Галина СИВЯКОВА,
Қарағанды индустриалдық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры-басқарма мүшесі