Қарағанды фермерлері халықаралық нарыққа өнім шығара бастады
Ауыл – алтын бесік. Атаулы күн – ел еңсесін ересен еңбегімен көтере білген дала дәулеткерлерінің мерейлі мерекесі.

Даладан – дүние жүзіне
Алдымен айтпақ ақжолтай ақпарымыз, күні кеше ғана өз қажетіне өнім әзірлеген фермерлер енді халықаралық нарыққа жол тартты. Өңір аграрийлері ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де өнім жөнелтіп, импортқа тәуелсіз жаңа дәуірге қадам басты. Сала Қарағандыда соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бір кезде қара топыраққа сеніп, адал еңбегімен күн көрген шаруалар қазір инновациялық тәсілдер мен заманауи технологияның игілігін көруде. Мәселен, Нұра ауданында жылына 1 100 бас малға арналған заманауи сүт фермасы іске қосылды. Мұнда әр сиырдың сүт беру көрсеткіші цифрлы жүйе арқылы бақыланып, өнім сапасы автоматты түрде өлшенеді. Ал, Бұқар жырау ауданындағы «СаумалБиоТех» зауыты өңірдің ғана емес, елдің мақтанышына айналды. Зауыттың шипалы саумалы бүгінде АҚШ пен Қытайға экспортталып, отандық өнімнің халықаралық нарықта да өз орнын таба алатынын дәлелдеді.
Қазір Осакаров ауданында 6 мың ірі қараға арналған ірі сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, облыста 31 агрожоба қолға алынып, соның 18-і толық іске қосылған. Оған 26,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ел сенімін ақтап келеді: 2023-2025 жылдары 6 миллиард теңгеге 705 несие беріліп, биылғы жылы қосымша 800 миллион теңге бағытталмақ. Инвестиция көлемі соңғы жылдары екі есеге өсіп, 44 миллиард теңгеге жетсе, азықтүлік өндіруге салынған қаржы 2,6 есеге артқан – 7 миллиард теңге. Фермерлерді қолдау мен нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында 2,8 миллиард теңге бөлінді. Ал, қарапайым тұрғындар үшін жаңа мүмкіндік – әлеуметтік павильондар. Мұнда ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз, тегін сауда орнында тікелей сата алады. Жұрт таза, жергілікті өнімге қол жеткізсе, шаруалар өз еңбегінің нақты бағасын алады. «Әлеуметтік павильондар – халыққа қолжетімді бағадағы табиғи өнім ұсынудың және қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайтудың жаңа мәдениеті», – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінгі Қарағанды – импортқа тәуелді өңір емес, өз азығын өзі өндіретін, тіпті, сыртқа шығара алатын аймаққа айналды. Дала төсіндегі еңбек пен жаңашылдықтың тоғысуы облысты ауыл шаруашылығының жаңа белесіне шығарды. Қарағандының агросекторы енді тек өңірдің емес, елдің азықтүлік қауіпсіздігінің тірегіне айналып келеді.
Ауылдың алтын өрнегі
Атаулы сала қызметкерлерінің кәсіби мейрамын атап өту дәстүрі алғаш рет КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы қаулысымен белгіленіп, қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтетін болған еді. Сол бір шешімнен бастап, күздің соңғы айы ауыл еңбеккерлерінің қажыр-қайратын еске алатын, салтанатты шағына айналды. Уақыт озды, заман өзгерді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіз ел ретінде де 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін заңнамалық деңгейде кәсіби мереке ретінде бекітті. Сайын дала төсінде дән сеуіп, жер ырысын еселеген қыр еңбеккерлеріне деген құрметтің айқын да айшықты көрінісі. Осы күнде әрбір комбайншы мен малшы, агроном мен механизатор, ауыл тіршілігінің қысы-жазы тыным таппас жандарын ел құрметпен еске алып, олардың маңдай терін мемлекет дамуының негізі деп бағалайды.
Салаға зер салсақ, ғасырлар бойы қаймана халқымыздың тіршілігі мен тұрмысының өзегіне айналып, бүгінде де ауыл еңбеккерлері ел ырысын еселеп, экономикамыздың қуатын арттырып отыр. Кең байтақ дала – табиғаттың өзі егін мен мал өсіруге лайықтап берген өрісті өлке. Егіншілік пен мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының қос қанаты. Құнарлы топырақ пен мол ылғал дәнді дақылдардан көп өнім алуға мүлтіксіз мүмкіндік береді. Әсіресе, әлемге танылған қазақстандық қатты бидай сорты – ел мақтанышы. Онымен қатар, күнбағыс, зығыр, мақта секілді техникалық дақылдар да кеңінен өсіріледі. Дәнді дақылдар тек шаруаның табысын арттырып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібінің дамуына да серпін береді.
Егін алқабы елдің несібесін арттырса, мал шаруашылығы – қазақтың ежелгі кәсібі. Төрт түлік малдың төлін өргізіп, сүтін сапырып, жүнін иіріп, етін ел ырысына айналдырған дала перзенттері – бүгінгі еңбектің шынайы иелері. Киіз туырлықты қазақ даласында мал шаруашылығы ғасырлар бойы тіршіліктің тірегі болып келеді. Бүгінде бұл сала еліміздің ауыл шаруашылығында айрықша орын алады. Ет, сүт, жүн өнімдерін өндіру бағытында жаңа технологиялар енгізіліп, фермерлік шаруашылықтар мен кооперативтер қарқынды дамып келеді. Қой шаруашылығы – талай ата кәсіптің жалғасы, түйе мен жылқы шаруашылығы – қазақтың кең даласымен біте қайнасқан өмір салтының көрінісі. Сарыарқаның сайын даласында үйір-үйір жылқы жусап, желмен жарысқан сәйгүліктердің дүбірі естіледі. Шөл мен шөлейт аймақтарда төзімді түйелер, жайылым сайын қой мен сиыр өріп жүр. Әр түліктің өз орны, өз игілігі бар. Олар – ауыл тұрмысының тірі дәстүрі, ел экономикасының берік сүйеніші.
Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы алдында айқын да ауқымды міндеттер тұр. Ең бастысы – елдің ішкі нарығын сапалы әрі алуан түрлі өніммен толық қамтамасыз ету. Осы бағытта еліміздің диқандары мен шаруалары жердің ырысын еселеп, ел дәулетін арттыруға күн сайын өз үлесін қосуда. Дала төсінен жиналған әр өнім – тек еңбек жемісі ғана емес, елдің экономикалық қуатының айғағы. Сондықтан да, қазақстандық ауыл шаруашылығының стратегиялық мақсаты – ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті өнім ұсыну. Бүгінде экспорттық әлеуетті арттыру жолында жаңа өндірістер ашылып, өңдеу саласы жаңаша серпін алуда.
Берекелі күз, мерекелі ел
Сонымен қатар, ауыл – тек еңбек мекені емес, елдің рухани тірегі. Мемлекет жүзеге асырып отырған ауылды дамыту жөніндегі бағдарламалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған. Жаңа жолдар, мектептер, мәдениет үйлері мен фельдшерлік пункттер – бәрі де ауыл өмірін түлетудің айғағы. Ауыл өркендесе, елдің еңсесі биіктейді. Десек дегеніміздей, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы – тек экономикалық сала емес, елдің болашағына жол салған сындарлы соқпақ.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін белгілей отырып, мемлекет ауыл еңбеккерлерінің ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесін айрықша атап өтті. Көрнекті күн – жердің ырысын еселеп, елдің несібесін арттырған жандардың мерейлі сәті. Қараша айының үшінші жексенбісі бүгінде бүкілхалықтық мерекеге айналды. Задында агроном мен бағбанның, комбайншы мен тракторшының, сауыншы мен шопанның, сондай-ақ, фермер мен ғалым-аграрийдің ортақ мейрамы. Еңбегі еленбеген бір де бір маман жоқ: егістіктен бастап, өңдеу зауытына дейін, қой қорадан зертханаға дейінгі бүкіл тізбек – осы адамдардың маңдай тері мен қажырлы еңбегінің мәйекті де дәйекті жемісі. Олардың арқасында дастарқанымыз толы, ел азығы мол. Әр тілім нанның артында диқанның табаны тиген топырақ, әр саптыаяқ сүттің артында сауыншының ертелі-кешкі еңбегі сіңді. Мәрт мереке – сол еңбекке тағзым, дала төсінде тер төккен әрбір жанға деген халықтың алғысы мен құрметінің көшелі көрінісі.
Аймағымыздың кең даласы мен шұрайлы жазығы – табиғаттың өзі сыйға тартқан құт мекен. Мұнда ауа райының ырысы мен жердің құнары дәнді дақылдың дәнегін түлетіп, картоп пен көкөністің бітік өсуіне о бастан қолайлы жағдай жаратқан. Жер сүмесін емген диқан да, малдың жайын білетін шаруа да осы табиғи үйлесімнің игілігін көреді. Сол себепті де, Қарағанды бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуде Қазақстанның алдыңғы шебіндегі өңірлердің бірі атанып отыр. Егістік алқаптарының құрылымын әртараптандыру – даланың тірнекті тіршілігінің тың тынысын ашқан сындарлы шешім болғаны жергілікті жұртқа аян. Бүгін сұранысқа ие дақылдардың көк жапырағы жайқалып, бидай алқаптары кеңейіп, майлы дақылдар мен картоп егісі де молайған. Көктемгі маңдай тер, жазғы күйбең еңбек бүгінде күзгі ырысқа ұласуда.
Ауыл еңбеккерлерінің қажырымен келген ырыс – облыстың аграрлық қуатын айқындап-ақ тұр. Бүгінде аграрлық сектордың жалпы өнімінің жартысына жуығын мал шаруашылығы құрайды. Қора-қопсысы толып, өріске шыққан төрт түліктің саны жыл сайын артпаса, кеміген жоқ-ты. Мал басының өсуі мен өндіріс көлемінің ұлғаюы өңдеу саласына да салуалы серпін берді. Құс еті мен балық, өңделген сүт пен кілегей, түрлі сүт тағамдары мен макарон, кеспе және ұн өнімдері, торт пен кондитерлік бұйымдар, мұның барлығы да тұтынушы сұранысына сай молынан өндіріле бастады. Сонымен қатар, облыстың әр өңірінде әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларына бағаның негізсіз шарықтауына жол бермеу мақсатында жәрмеңкелер өткізіліп келеді. Шаруалар өз өнімдерін нарықтағы бағадан төмен бағамен ұсынуда. Игі дәстүр – тұрғындарға қолжетімді өнім, ал ауыл еңбеккеріне адал табыс әкеліп отырған жарқын мысал.
Тізгін ірку
Күздің соңғы айы. Түзде елу еңкейіп, еңбек еткен қыр баласының қамды қарекеті ел игілігіне айналып үлгерген. Қамба біткен астыққа толып, ұн тартатын диірмен дөңгелегінде тыным жоқ. Қазақстан Республикасы биыл да өз халқын нанмен, ұнмен толық қамтамасыз етуге әбден қауқарлы. Осы жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері атап өткендей, елімізде ұн тарту өндірісі жылдан-жылға жаңарып, дәуірлеп келеді. Заманауи технологиялар кеңінен енгізіліп, диірмендер мен элеваторлардың қуаты қарыштап артқан. Қарапайым халық үшін ең бастысы – нан бағасының тұрақтылығы. Осы ретте мемлекет тарапынан қолдау тетіктері сақталған: астық қоры жеткілікті, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге субсидия беру жалғасуда.
Күрең күздің мезіретті мезеті ауыл үнін, маңдай тердің марапатын әйгілетін шаһқар шақ. Кең дала сауыры қуанышқа кенелген. Қамба астыққа, көңіл ризашылыққа толы. Олай болса, қол қусырғысыз құрмет пен тәжімді тағзым – еңбек адамына сөзсіз тиесілі екендігі шүбәсіз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



