Қарағанды ескекшілері Азия чемпионатынан жеңіспен оралды
Қытайдың Шэньян қаласында академиялық ескек есу бойынша өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіспен оралды. Теміртаулық спортшылар тамаша нәтиже көрсетіп, алты медальға қол жеткізді.

Қарағанды облысынан жарыстарға жеті спортшы қатысты. Олар екі жас санатында сынға түсті: U19 – 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер және U23 – жасөспірімдер.
– Шэньяндағы жарыстар әрқашан жоғары деңгейде өтеді. Мұнда чемпионаттар 100 жылдан бері өткізіліп келеді. Сондықтан ұйымдастыру немесе тұрмыстық қиындықтар болған жоқ, – дейді облыстың академиялық ескек есу бойынша аға жаттықтырушысы Владимир Белоногов.
Жарыста қазақстандық спортшылар Батыр Мәдиев пен Дмитрий Ануприев қосарлы ашық есуде алтын медаль жеңіп алды. Қыздар арасындағы төрттік ашық есу құрамында Афина және Варвара Белоноговалар күміс медаль алды. Сондай-ақ, Белоноговалар мен Тамара Первушкина әйелдер сегіздігінде күміс жүлде еншіледі. Тамара Первушкина жеке жарыста (қыздар арасындағы бірлік) қола медальға ие болды.
Тағы бір қола жүлде төрттік қос ескекті қайық құрамында Семён Первушкин, Батыр Мадиев және Дмитрий Ануприевке бұйырды. Ерлер сегіздігі құрамында өнер көрсеткен Алексей Красновский үшінші қола жүлдені жеңіп алды.
– Мен жаттықтырушы ретінде нәтижелерге өте разымын. Біз тағы да мықты қарсыластарды әлемдік аренада жеңе алатын чемпиондарды тәрбиелей алатынымызды көрсеттік. Әрі ұлттық құраманың жалғыз алтын медалін Қарағанды облысы жеңіп алғаны – өз алдына үлкен жетістік, – дейді Владимир Белоногов.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ