Қарағанды электоралдық жылды қалай өткерді?
2025 жыл Қарағанды облыстық сайлау комиссиясы үшін ауыл әкімдерінің сайлауынан бастап, мәслихаттағы қосымша сайлауларға, сайлау инфрақұрылымын жаңартуға және облыс тұрғындарының электоралдық белсенділігін арттыруға бағытталған жан-жақты әрі мазмұнды жұмыстың жылы болды. Жыл қорытындысы облыстағы сайлау процесі тек рәсімдік сипатта ғана емес, азаматтардың нақты қатысуы арқылы жүзеге асырылатынын көрсетіп отыр.

Жылдың негізгі оқиғаларының бірі – ауыл әкімдерінің сайлауы болды. 2025 жылы облыста 60 ауыл округінің басшылары сайланды, оның ішінде, 16 әкім бұрынғы өкілеттіліктерін мерзімінен бұрын тоқтатуына байланысты. Кейбір елдімекендер үшін бұл 2021 жылғы сайлау науқанынан кейінгі алғашқы сайлау еді.
Сайлауда 60 мандатқа 192 үміткер таласқа түсіп, бәсекелестік айқын көрінді. Үміткерлердің шамамен үштен екісі – 130 адам – өздерін ұсынса, қалғандары саяси партиялар атынан қатысты. Осы көрсеткіште «AMANAT» партиясының басымдығы айқын байқалды. Дауыс беру нәтижесінде сайланған әкімдер негізінен партия өкілдері және 59 адам «AMANAT»-тан, бір адам «Ауыл» партиясынан.
Облыс бойынша сайлаушылардың қатысу деңгейі орта есеппен 58,3% болды – сайлау учаскелеріне 37 мыңнан астам адам келді. Дегенмен, көрсеткіштер әртүрлі деңгейде: кейбір ауыл округтерінде қатысу 100%-ға жеткенімен, Бұқар жырау ауданындағы бір округте 40%-дан төмен болды. Бұл жергілікті сайлауға қатысу деңгейінің және азаматтардың сайлау институтына сенімінің әрқилылығын байқатады.
Сайланған әкімдердің жартысы – жаңа тұлғалар. Алғаш рет сайланған ауыл округтерінің басшылары 30 адам. Кадрлық жаңару 50%-ды құрап, жылдың ең көрнекті нәтижелерінің бірі болды. Жалпы, сайланған әкімдердің басым бөлігін мемлекеттік қызметкерлер құрап отыр, оның ішінде, қазіргі округ басшыларын қоса алғанда, сонымен қатар, әкімдер қатарында бизнес өкілдері, бюджет саласы қызметкерлері, зейнеткерлер және бұрын жұмыссыз болған үміткерлер де бар.
Аймақта шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлаулар да қатар жүргізілді. Жыл ішінде бес қала мен аудан мәслихатында бос қалған сегіз мандат толтырылды. Барлық сайланған депутаттар саяси партиялар атынан ұсынылды. Сайлауға ауыл әкімдерін сайлаудағы көрсеткішпен шамалас 58% сайлаушы қатысты.
Жыл соңына қарай облыс мәслихаттарында кадрлық жағдай тұрақтандырылып, бос депутаттық мандат қалмады. Жалпы алғанда 2023 жылғы наурыздан бастап, басым көпшілігі бірмандаттық округтердегі 29 депутат мерзімінен бұрын өкілеттілігін тоқтатқан.
Сайлау комиссиясы жұмысының маңызды бөлігі – инфрақұрылымды жүйеге келтіруге қатысты болды. 2025 жылы облыста 846 сайлау комиссиясы және 637 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Олардың кейбірі оңтайландырылып, сайлаушылары аз учаскелер жабылып, Қарағанды қаласында жаңа учаскелер ашылды. Маңызды қадам – сайлау учаскелерін бірыңғай нөмірлеу жүйесін енгізу: деректер барлық ақпараттық жүйелерде біріктіріледі және тиісті шешімдерімен бекітілді.
Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылды. Облыста жергілікті сайлау комиссияларында жұмыс топтары құрылып, құрамына әлеуметтік қорғау органдарының өкілдері, депутаттар және қоғамдық бірлестіктер кірді. Бұл топтар учаскелерді дайындаумен, сайлаушыларға кеңес берумен және сайлауды қолдаумен айналысады.
2026 жылғы 1 қаңтарға облыста 5 159 мүгедек сайлаушы тіркелген: 1 538-і мүгедек арбасын пайдаланады, 1 578-нің есту қабілеті, 2 043-нің көру қабілеті бұзылған, оның ішінде, 258 адам Брайль қарпін біледі. Оларға арналған арнайы оқу модулі облыстық орталықта өткізіледі, ол сайлаушыларға да, учаскелік комиссия мүшелеріне де қолжетімді болады.
Аумақтық сайлау комиссиялары тұрғындардың сайлау белсенділігін, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси рефомаларға деген сенім деңгейін, сондай-ақ, саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда.
Сондай маңызды бастамалардың бірі облыстың барлық өңірлерінде жастардың сайлау мәдениеті мен белсенділігін арттыруға, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған «Жас сайлаушы» клубтарын құру болып табылады. Клуб отырыстарында студенттер мен жастар қозғалысының көшбасшылары сайлау заңнамасымен танысып, өзекті мәселелерді талқылап, сайлауға қатысу белсенділігін арттыру бойынша өз ұсыныстарын әзірлейді.
Сонымен қатар, #халық таңдаған әкім# хештегімен халық сайлаған әкімдердің қызметі туралы арнайы бейнематериалдар әзірленіп, орналастырылды. Бұл жұмыс әкімдердің өңірлеріндегі проблемаларды шешу бағытындағы жұмыстарын бағалауға, сайлау процестерінің ашықтығы мен айқындығын көрсетуге бағытталған.
Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде дәстүрлі түрде Дүниежүзілік сайлау күні кеңінен аталып өтіледі. Биылғы жылы да Қарағанды өңірінде пікірталастар мен интеллектуалдық ойындардан бастап, дөңгелек үстелдер мен оқыту семинарлары сияқты шараларды қамтыған ауқымды бағдарлама әзірленген. Басты назарда – қазіргі заманғы сайлау жүйесінің басты қағидаттары: заң үстемдігі, тәуелсіздік, ашықтық, инклюзивтілік және кәсібилік.
Дүниежүзілік сайлау күні – формальды мереке емес. Негізгі мақсат – әрбір сайлаушы дауысының құндылығын, билікке сенім адал әрі ашық сайлаудан басталатынын көрсету.
2025 жылдың қорытындысы Қарағанды облысындағы сайлаулар бір реттік оқиға емес, ол азаматтардың белсенді қатысуы, кадрлық жаңару және ашық ережелер маңызды рөл атқаратын тұрақты процесс екенін көрсетіп отыр. Күнделікті, кейде байқалмайтын бұл жұмыс бүкіл сайлау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қайрат НҰРКЕНОВ,
Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы



