Қарағанды диірмен комбинатында 250-ге жуық адам еңбек етеді
Қарағандыда ел экономикасының берік діңгегіне айналған «Қарағанды диірмен комбинаты ЖШС» өндіріс кешені бар. Бүгінде комбинат заманауи технологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін тың бағытта өңдеудің жаңа дәуірін бастады. Жаңарған технология арқылы сапа артып, өңірдің агроөнеркәсіп әлеуеті күшейіп келеді.

Уақыт талабы – жаңару. Қарағанды диірмен комбинаты соңғы жылдар мұғдарында сол үдеден шығып, жемісті еңбек етіп келеді. Кәсіпорында күнбағыс майын өндіру көлемі үш есеге артып, жылдық қуаттылығы 450 тоннадан 1500 тоннаға дейін ұлғайды. Мемлекет тарапынан ішінара субсидияланған инвестициялық жобаның құны шамамен – 350 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын бүгінде толық техникалық қайта
жарақтандырудан өтті. Жаңа заманның талабына сай көршілес Ресейден жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынып, май өндіру желісі түгел жаңартылды.
Бұл құрылғылар энергия тұтынуды азайтып, суды үнемдеуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өндіріс желісінің жаңаруы арқасында кәсіпорын бір мезетте күнбағыс, зығыр және соя майын шығара алатын қуатты кешенге айналды. Өңдеу үшін қажетті шикізат – өңірдің өз шаруаларының өнімдері.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл ша руашылығы мен қайта өңдеу саласын дамыту бағытында еліміздің әр тарапында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Сол қолдаудың арқасында Қарағанды диірмен комбинатындағы өндірістік жаңару жүрді. Жоба инвестициялық субсидиялау тетігі арқылы жүзеге асып, мемлекет тарапынан қаржылық демеуге ие болды. Инвестжоба GosAgro.kz ақпараттық жүйесі арқылы рәсімделіп, комбинат өндірістік жабдықты жаңарту мен айналым қаражатын толықтыру бойынша жеңілдіктерге ие болды. Бұған қоса, 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг және инвестициялық субсидиялар кәсіпорынныңқаржылық мәселелерін азайтып, технологияны түлетуге серпін берді. Мұндай жобалар аймақ экономикасының құрылымын әртараптандырып, өңдеуші сектордың үлесін арттыруға бағытталған.
– Облыстың агроөнеркәсіп саласына соңғы жылдары 10 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның бір бөлігі – осы май өндіру желісін кеңейтуге жұмсалды. Нәтижесінде комбинат өндіріс қуатын арттырып қана қоймай, өңірді азықтүлікпен қамтамасыз ететіні тұрақты кәсіпорын деңгейіне
көтерілді. Бүгінде Қарағанды майы ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттыруды көздеп отыр. Алдағы уақытта кәсіпорын зығыр майы мен соя майын шетел нарығына шығаруды мақсат тұтады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын дамыту және техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Жәмиля Жақсыбекова.
Қарағанды диірмен комбинатында бүгінде 250-ге жуық адам тұрақты еңбек етеді. Мұнда қызмет қылатын әр қызметкер үшін әлеуметтік көмек, тегін түскі ас, көлікпен жеткізу, сондай-ақ, мерекелік сыйақылар мен еңбек озаттарына марапат табыстау қарастырылған. Кәсіпорын басшылығы еңбек адамының тұрмыс сапасын арттыруды басты ұстаным етіп отыр. Қызметкерлер үшін қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, жаңа жабдықтар мен қорғаныс құралдары толық жаңартылды.
– Біздің мақсатымыз – өнім көлемін ұлғайтып қана қою емес, сапа мен тиімділікті тұрақты деңгейге шығару. Ол үшін жаңа технологиялар мен экологиялық таза өндіріс қағидатын ұстанамыз. Жергілікті шаруалармен әріптестік орнатып, шикізатты өңірден сатып алу – біздің басты ұстанымымыз. Бұл қадам ауыл экономикасын қолдап, өңірлік агрокешенді нығайтады, – дейді кәсіпорын басшысы Виктор Федин.
Жаңа цех іске қосылған соң, өндіріс көлемі мен экспорт әлеуеті арта түспек. Сондай-ақ, кәсіпорын сапа менеджменті мен экологиялық стандарттарды халықаралық талаптарға сай бейімдеу бағытында жұмыстар жүргізуде. Өндіріс өрісін кеңейтіп, өңір экономикасын нығайту – бүгінгінің басты бағдары. Біз сөз еткен Қарағанды диірмен комбинаты сол талап үдесінен шығып, ауыл мен қаланың арасын жалғаған алтын көпірге айналды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



