Спорт

Қарағанды да 1 259 спорт ұйымы жұмыс істеп тұр

Қарағанды өңірінде спорт жан-жақты даму үстінде. Қазіргі таңда өңірде 1 259 спорт ұйымы мен 39 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Жалпы білім беретін мектептерде 4 350 спорт секциясы бар болса, колледждерде 205 секция және 12 балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру клубының келушілер үшін есігі айқара ашық. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды спортының жетістіктері мен даму перспективалары жайында айтып берді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінгі күні өңірдегі жас­өспірімдер мен балаларға арналған спорт мектептері, спорт клубтары айтарлықтай нәтиже көрсетуде. Ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдерге зор мүмкіндіктер қарастырылыпты. Олай дейтініміз, ауылдағы спорт алаңдары мен балалар-жасөспірімдер клубтарының ашылуы қала мен аудан әкімдіктерінің қолдауымен қаржыландырылуда. Сонымен қатар, Дәурен Жағыпарұлы Қарағанды спортшыларының халықаралық ареналарда да табысты өнер көрсетіп жүргендігін баса айтты.

– Біз үздік спортшылары­м­ыздың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанған Аида Әбікееваның өнеріне тәнтіміз. Теміртаулық биатлоншы Владислав Киреев спринттен Қытай Харбинінде Азия ойындарының чемпионы атанды. Әрі командалық эстафетада күмісті жеңіп алды. Біздің спортшылар әртістік жүзуден өткен Азия чемпионатында 28 медаль жеңіп алып, әлем кубогында тамаша өнер көрсетті. Құрлықтық біріншіліктерде теміртаулық ескекшілер керемет нәтиже көрсетті. Батут гимнастикасынан әлем кубогы кезеңдерінің нәтижелері бойынша дуэт Данил Мусабаев пен Никита Тумаков әлемдік рейтингте бірінші болды. Алан Құрманғалиев үстел теннисінен халықаралық біріншіліктердегі жеңістерімен қуантты. Жастар арасындағы Азия ойындарында облыс спортшылары медальдардың рекордтық санын жеңді. Бұл 2025 жылғы спорттық жетістіктердің тек жартысы ғана – деді ол.

Ұлттық спорт түрлері де қарқынды дамып келеді. Тоғыз­құмалақ, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, асық ату, теңге алу сынды дәстүрлі ойын мен спорт түрлеріне 38 мыңнан астам адам қатысуда. Ал, ұлттық құрамасы сапына енген 36 спортшы халықаралық жарыстарда облыс­тың атын қорғап, елеулі нәтижелер көрсетуде.

Мүгедектер спортына да баса назар бөлінген. Бүгінде, облыстық мүгедектер спорты мектебінде 430 адам спортпен айналысады екен. Ал, олардың жартысына жуығы – балалар. «Қазақстандық арнайы Олимпиада» ҚБ филиалы мен басқа да әлеуметтік жобалар аясында психикалық дамуы тежелген, аутизмі бар, қозғалыс аппараты зақымданған балалар спортқа тартылуда.

Спорт инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңартылуда. Алаңдар мен спорт кешендері, заманауи спорт кластерлері, қалалар мен аудандардағы жаңа нысандар балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасап отыр. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде бірнеше спорт кешені салынуда.

– Қарағанды әкімдігі қаланың орталық саябағында және Ә.Бөкейхан атындағы ауданның Мәдениет үйінің артында екі бейімдеу алаңын орнатты. 2025-2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, облыстың қалалары мен аудандарында үш жылда осындай 238 нысанды орнатуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, облыста 1 317 спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. Оның 323-і – ауылдық жерлерде. Биыл Приозерск қаласында, Ақтас және Қарағайлы кентінде салынып жатқан ДШСК құрылысы жалғасуда. Одан бөлек, Қарқаралыдағы стадионның құрылысы да тоқтамады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен Көктас ауылында, Қушоқы және Ақсу-Аюлы кентінде жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Күнгей ықшам ауданында спорт кешенінің, Қарағандыда спорт кластердің құрылысы басталды. Бюджеттен тыс қаражат есебінен Мойынты кентінде және Балқаш қаласында тез салынатын екі спорт кешені пайдалануға берілді, – деді Дәурен Есімханов.

Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары облыста спорт саласы бойынша өткізілген ғылыми-тәжірибелік жұмыстарға да тоқталды. Алдағы уақытта халықаралық конференция мен семинарлар нәтижесінде спорт менеджменті, спорттық медицина, психология саласында жаңа білім беру бағдарламалары енгізілмек. Бұл «кәсіби кадрларды дайындап, бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға қосымша серпін береді» дейді спикер.

Қарағанды облысында спортты дамытуда тұрақты әрі жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Спортшылар халықаралық ареналарда облыстың атын асқақтатуда. Ал, алдағы уақытта жоспарланған шаралар мен жобалар бұқаралық спорттың қарқынды дамуына үлкен үлес қосады деп сеніммен айтуға болады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button