Спорт

Қарағанды – чемпиондар ұстаханасы

Биыл Ұлттық Олимпиадалық комитеттің 30 жылдығы. Осыған орай комитеттің бас директоры Серік Қасқабасов Қарағандыға арнайы келді. Облыс әкімдігінде жиын ұйымдастырылып, оған өңірімізден шыққан Олимпиада ойындарының және Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, еңбек сіңірген бапкерлер қатысты. Жиын барысында комитеттің атқарған жұмыстары айтылып, спорт саңлақтарына мерейтойлық төсбелгілер, Алғыс хаттар табысталды.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов аймаққа арнайы келген Ұлттық Олимпиадалық комитет ұйымына ризашылығын білдірді. Бұдан соң Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас директоры Серік Қасқабасов баяндама жасады. Құрметті мейманның сөзінше, әлемдік спорт аренасында Қазақстанның беделі жоғары. Жаһан пікірімізбен санасады.

– Бүгінде Халықаралық Олимпиада комитеті біздің ұлттық құраманы мойындап, құрметпен қарайды. 30 жыл ішінде еліміздің тарландары талай биікті бағындырды, жарыс алаңында талай дүлдүлді тізе бүктірді. Кез келген бәсекеге қабілеттіміз. Мұның бәрі жүйелі жұмыстың, қажырлы еңбектің арқасы екені сөзсіз. Осында отырған әр спортшы, әр бапкер ел беделін көтеруде аянбай тер төкті. Қарағанды – чемпиондарды шығаратын ұстахана секілді. Осы өңірден үздік спортшылар топ-тобымен қанат қақты. Мысалы, Василий Жиров, Генадий Головкин, Серік Сәпиев, Серік Елеуов, Максим Раков, Дмитрий Карпов секілді даңқты спортшылар бар. Бұлардың барлығы да өз таланттарымен әлемді жалт қаратқан дарындар. Осы спортшылардың еңбегімен Қазақстан әлемдік олимпиада қозғалысының белді өкіліне айналды, – деді Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас директоры.

Салтанатты жиынға келген құрметті меймандардың қатарында Лондон Олимпиадасының чемпионы, «Вэл Баркер» кубогінің иегері Серік Сәпиевтің бапкері Александр Стрельников бар. Даңқты боксшымыздың бапкері бүгінде Абай қаласында балаларға қолғап түйістірудің әліппесін үйретіп жүр екен. «Әлі де қыруар жұмыстар атқаруға шамам жетеді» дейді. Ол Қарағанды бокс мектебінің бүгінгі ахуалына баға берді.

– Қарағанды бокс мектебінің ел аумағында беделі зор. Өңірімізден талай талант қанат қаққанын бокс жанкүйерлері жақсы біледі. Бүгінгі жас буында да дарынды боксшылар баршылық. Соларға үміт артып отырмыз. Өңірдің ғана емес, әлемдік деңгейдегі додаларда ел байрағын желбіретуге күші мен қабілеті жететін жастар өсіп келеді. Өз көзіммен көріп жүрмін. Баптаған сұңқарларымыздың бірі – Абылайхан Жүсіпов. Бокста биікке көтерілу оңай емес. Әлемнің түпкір-түпкірінен мықты спортшылар шығып жатыр. Чемпион болу үшін қажырлы еңбек керек. Ауыр бейнет десе де болады. Жерлестерімізге тек сәттілік тілейміз, – деді Александр Стрельников.

Дзюдошы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионы Максим Раков спорттық мансабын аяқтаған. Қазір жас спортшыларға бапкер болып, өзінің құнды тәжірибесімен бөлісіп жүр екен.

– Қазір жас спортшыларға бапкермін. Менің тәжірибем оларға ауадай қажет деп есептеймін. Еліміздің абыройын көтеріп, байрағын желбірететін спортшыларды даярлау – қазіргі мақсатым. Ел үшін тер төгу керек. Бүгінгі салтанатты жиынға қатысқаныма қуаныштымын. Арқадан шыққан даңқты спортшылар мен бапкерлердің жартысынан көбі осында. Оларға басымды иіп, алғыс айтамын, – деді Максим Раков.

Қарағанды бокс мектебін Василий Жиров пен Генадий Головкиннен кейін әлемге танытқан Серік Сәпиев те сөз алып, қатысушыларды құттықтады.

– Ел спортшылары осы уақытқа дейін жеті қысқы, сегіз жазғы ойындарға қатысыпты. Қоржынымыз медальдарға толды. Осы жетістікке масайып, босаңсуға болмайды. Алдымызда талай белес бар, – деді Серік Сәпиев.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button