Қарағанды – чемпиондар өлкесі
Кеншілер қаласы – темірдей тәртіп пен қайсар мінездің мектебі. Осындай мектепте шыңдалған спортшылар үлкен аренаға жол ашты. Жергілікті залдарда соғылған әр соққы, мұз айдындарында сырғанаған әр қадам, татамидегі әр айла – кейін әлемдік жеңістердің бастауы болды.

Сарыарқа төсінде қалыптасқан спорт мектебі Олимпиада төрінде де, әлем чемпионаттарында да жеңіс туын желбіреткен талай саңлақтарды түлетті. 2004 жылғы Афины Олимпиадасында Бақтияр Артаев алтын медаль алып, әлемдік бокс сахнасында Қазақстанның беделін асқақтатты. Сол жолды жалғап, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиев чемпион атанып, екі дүркін әлем чемпионы болды. Ол «Val Barker» кубогын иеленіп, әлемдегі ең шебер боксшы атағын жеңіп алған санаулы спортшылардың бірі.
Кәсіпқой рингтің жұлдызына айналған Геннадий Головкин орта салмақтағы WBA, WBC, IBF және IBO белбеулерін иеленіп, нокаутқа түсіру көрсеткіші бойынша рекорд орнатты. Ал, көпсайыс шебері Дмитрий Карпов 2004 жылы Афины төрінде қола жүлде иеленіп, жеңіл атлетика тарихына есімін алтын әріппен жазды.
Жаңа есімдер қатарынан 2023 жылғы Азия ойындарында жарқ еткен велоспорт шебері Камила Оспанова алтын медаль иеленсе, оның командаласы Аяулым Қасымова күміс жүлде жеңіп алды. 2024 жылғы Азия чемпионатында бокстан Абылайхан Жүсіпов алтын медаль еншілеп, Қарағандының спорт картасындағы жұлдызды қатарды толықтырды.
Бұл жеңістердің бәрі – өткен ғасырдың даңқты дәстүрінің жалғасы. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында жеңіске жеткен Василий Жиров – сол дәстүрдің айқын өкілі. Мұнда бапкерлердің еңбегі – чемпиондардың нағыз ұстаханасы. Олар тек техника мен тактиканы үйретіп қана қоймай, жеңіске деген жігер мен қайсарлықты бойға сіңірді.
Бүгінде Қарағандыдағы спорт мектептері – ертеңгі чемпиондардың ұясы. Жасөспірімдер бокс залдарында, мұз айдындарында, велотректерде, татамиде, ауыр атлетика платформасында және жеңіл атлетика жолдарында тер төгіп жүр. Олардың мақсаты – аға буынның жолын жалғап, туған жердің даңқын асыру.
«Қарағанды – чемпиондар өлкесі» атағы кездейсоқ берілген мәртебе емес. Ол Серік Сәпиевтің Лондондағы жеңісінде, Геннадий Головкиннің кәсіпқой рингтегі даңқында, Дмитрий Карповтың көпсайыстағы ерлігінде Камила Оспанова мен Аяулым Қасымованың темірдей төзімінде, Абылайхан Жүсіповтің шаршы алаңдағы шеберлігінде көрініс тапқан. Бұл жерде жеңіс – өмір салты, ал, арман – міндет.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»