Қарағанды облысына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен келді. Ол аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге кәсіпкерлермен кездесіп, осы күнде іске асырылып жатқан негізгі реформаларды, бизнес-климатты жақсарту мәселелерін және өзекті түйткілдерді талқылады. Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары, қалалар мен аудандар әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттері мен облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ, 100-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Келелі кездесуді ашқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұндай ашық диалог форматы дәстүрлі және сұранысқа ие екенін атап өтті. Ескере кетсек, индустриялық өңірде шағын және орта бизнестің рөлі жыл сайын артып келеді: бүгінде бұл салада шамамен 100 мыңға жуық субъект жұмыс істейді.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 6,5 трлн теңгеге жуықтаған. Облыс экономикасының үштен бірі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Инвестиция тарту мәселесі ерекше назарда. Облыс әкімінің төрағалығымен жұмыс істейтін сараптамалық кеңес аясында бизнес мәселелері тұрақты түрде қаралып келеді. «Атамекен» басшысымен өткен кездесу осы тікелей диалогты нығайтудың заңды жалғасына айналғандай.
– Шағын және орта бизнес өңір экономикасында шешуші рөл атқарады: жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді, салық түсімдерінің елеулі бөлігін қалыптастырады және салалардың дамуына үлес қосады. Біздің міндет — бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және олардың барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Өз кезегінде Ұлттық палата басшысы «Атамекеннің» жаңартылған стратегиясының басым бағыттарын айқындай отырып, өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

– Қарағанды облысы – өңдеу өнеркәсібі, машина жасау және жаңа индустриялар бағытында зор әлеуетке ие қуатты индустриялық хаб. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес экономиканың тірегі болып қала береді. Көздегеніміз – оны қолдау шараларын түбегейлі жаңғырту, — деді Қанат Шарлапаев.
Мәні бөлек кездесу барысында кәсіпкерлер орталық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселелерді көтере білді. Атап айтқанда, отандық өндірісті заңсыз импорт пен демпингтен қорғау, қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу, қызметкерлерді сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, заңнамалық базаны жетілдіру бойынша бірқатар ұтымды ұсыныс айтылды.
Еске салайық, жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды және «Террикон алқабы» ІТ-хабын аралады. Сонымен қатар, «Атамекен» басшысы жергілікті өндірушілер мен қолөнершілерді біріктірген, өңірлердегі жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесімен танысқан еді.
Өңір экономикасының жетекші нысандарымен танысу нақты секторды қалыптастырып отырған кәсіпорындардан басталды. Мәселен, «Kaz-metiz» кәсіпорнында Қанат Шарлапаев беріктігі жоғары арматуралық сым мен болат арқандар өндірісімен жете танысып, кәсіпорынның өсу динамикасы мен экспорттық әлеуетін атап өтті. Мұндай өндірістер өңір экономикасының тұрақтылығында маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Ал, ширек ғасырдан астам уақыттан бері ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп келе жатқан «Сантехпром» зауытында импортты алмастыру және экономиканың тұрақтылығы мәселелері қоса талқыланды.
– «Даму» қорының қолдауымен кәсіпорында әрі қарай даму мен импортты алмастыру үшін барлық мүмкіндіктер бар, – деп баса белгіледі Қанат Бисимбайұлы.
«WEC Trade» компаниясында заманауи өндірістер мен экологиялық шешімдерді дамытуға басымдық берілсе, «Терриконовая долина» IT-экожүйесінде жаңа экономиканы қалыптастыру мәселелері қаралды.
– Бүгінде Қарағанды технологиялық жобалар пайда болатын ортаға айналып келеді. Біздің міндетіміз – осы өсімді қолдау және оның ауқымын кеңейту, – деді ол.
Өндірістік нысандармен танысу сапарының қорытынды кезеңі жылына 8 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы металл құрылымдарын шығаратын «Profland-RT» ЖШС-не барумен аяқталды. Мұнда күн электр станциялары үшін solar bracket профилін өндіру желісін енгізуге, сондай-ақ, қуаты 100 МВт-тан асатын жобалар жүзеге асырылған күн электр станцияларына арналған қосалқы конструкциялар бағытын дамытуға ерекше назар аударылды.
Сапар аясындағы маңызды кездесулердің бірі Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерімен бірге өтті. Кездесуді кеңес Төрағасы Владимир Алескеров жүргізіп, оған Палата директоры Ернар Күлпейісов қатысты. Кеңес құрамында 26 делегат бар. Олар ірі, орта және шағын бизнес өкілдері мен 11 салалық және 12 аудандық кеңестен құралған қауымдастықтарды қамтиды. Бұл өңір экономикасының негізгі салаларын – тау-кен өндірісінен бастап машина жасау, IT, агроөнеркәсіптік кешен және адами капиталды дамыту бағыттарына дейін толық қамтуға мүмкіндік береді.
Маңызды жүздесу барысында Қанат Шарлапаев кәсіпкерлердің рөліне айрықша тоқталды.
– Кәсіпкерлер – өңір экономикасының тірегі. Олар жұмыс орындарын құрып, инвестиция салып, дамуға жауапкершілік алады. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды спикер.
Сонымен қатар, бизнес пен билік арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа деңгейі атап өтілді. Бүгінде бұл – жүйелі серіктестік. Бастамалар алдын ала талқыланып, кәсіпкерлер қауымдастығының міндетті қатысуымен қабылданады. Бұл – сапалы жаңа диалог форматы деген сөз.
Іскерлік шара барысында инвестицияларды қолдау мәселесі де маңызды тақырыптардың біріне айналды.
– Экономика ішкі инвесторларға мұқтаж. Біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар негізінде инвестициялық жобалар пулын қалыптастырып, бизнес, билік және даму институттары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етудеміз, – деді Қанат Бисимбайұлы.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу барысында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру және өңірді одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
– Күшті экономика тұрақты жүйеге және бизнестің белсенді ұстанымына негізделеді. Кәсіпкерлер – ел болашағына жауапты әлеуметтік күш, – деп түйіндеді сөзін «Атамекен» басшысы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



