АймақЖаңалықтарЗаң және тәртіп

Қарағанды Банк колледжінде «Заң және тәртіп» жобасы аясында кездесу өтті

Қарағанды Банк колледжінде облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы аясында студенттермен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттау және қылмыстың алдын алу.

Сурет ұйымдастырушылардан

– Құрметті студенттер, қылмыстық топтар көбіне жастарды оңай олжа көреді. Әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтық пен есірткі қылмыстары кең таралған. Өздеріңіздің банк карталарыңыздың деректерін, жеке мәліметтеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіздер. Бір сәттік жеңіл табыс үшін болашағыңызды тәуекелге тікпеңіздер. Бүгінде құқық қорғау органдарының техникалық мүмкіндіктері мұндай қылмыстарды анықтауға жеткілікті. Заң бәріне ортақ, сондықтан әрқайсыңыз құқықтық сауатты, жауапты азамат болуға тиіссіздер, – деді облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.

Еділ Аязбайұлының айтуынша, қылмыстық топтар көбіне жастардың тәжірибесінің аздығын пайдаланып, оларды заңсыз әрекеттерге тартады. Әсіресе интернет-алаяқтық пен есірткі айналымы кең таралған.

Интернет технологияларының дамуына байланысты алаяқтық қылмыстар қашықтан жүзеге асады. Қылмыскерлер жалған сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін, логиндер мен құпиясөздерін иемденеді.

Теориялық дәрістен кейін іс-шара практикалық бөліммен жалғасты. Арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттің көмегімен есірткіні анықтау бойынша көрсетілім ұйымдастырылды. Студенттерге тінту жұмыстарының жүргізілу тәртібі көрсетіліп, құқық қорғау органдарының жұмыс ерекшеліктері таныстырылды.

Кездесу соңында белсенділік танытқан студенттерге сый-сияпат табысталды.

Мұндай тағылымды іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заң талаптарын сақтауға және қоғамдағы тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Толық ақпаратты газеттің алдағы нөмірінен оқитын боласыздар.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button